ҚМГ «Өзенмұнайгазға» берілген ұсыныстардың орындалуын қадағалады

28 Қыркүйек 2023, 19:58
1102
Бөлісу:
ҚМГ «Өзенмұнайгазға» берілген ұсыныстардың орындалуын қадағалады
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметі

ҚМГ жұмыс тобы «Өзенмұнайгаздағы» тексеру қорытындысы бойынша берілген ұсыныстардың орындалуын қадағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов бастаған жұмыс тобы тексеру қорытындысы бойынша ҚМГ тарапынан берілген ұсыныстардың орындалу барысын бақылау мақсатында «Өзенмұнайгазға» келіп жетті. Арнайы жұмыс тобы осыған дейін «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) және оның мердігер ұйымдарының қызметіне тексеріс жүргізген болатын.

ҚМГ бірінші кезекте бизнес-процестерді жетілдіруді, тәртіптің сақталуын қолға алуды, «Өзенмұнайгаздың» өндірістік тиімділігін арттыруды және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Осы себепті биыл 19 сәуір мен 8 тамыз аралығында үш кезеңнен өткен тексерулер үш бағытта жүргізілді. Атап айтқанда, ӨМГ-нің қаржы-шаруашылық қызметі, мердігер ұйымдардың жұмысы және ұңғымаларды жерасты жөндеу бағыты.

Қаржы-шаруашылық қызметі

Қаржы-шаруашылық қызметті тексеру кезінде 160 бұзушылық анықталды, оның ішінде 118-і экономика және қаржы, сатып алу, адам ресурстарын басқару, тәуекелдерді басқару, өндіріс, ішкі коммуникациялар, қоршаған орта мен еңбекті қорғау, мердігер ұйымдарды басқару саласында.

Бүгінгі күні 37 бұзушылық бойынша «Өзенмұнайгаз» қызметкерлері мен мердігер компанияларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданды. 20 бұзушылық қосымша тексеріліп жатыр, олардың қорытындысы бойынша тәртіптік шара қолдану туралы мәселе қаралуы мүмкін.

Сондай-ақ, анықталған 10 факт бойынша ӨМГ-де қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.

Осылайша, біліктілікке қойылатын талаптарға сай болмай шыққан корпоративтік қауіпсіздік департаментінің басшысы мен қызметкерлері жұмыстан шеттетілді (жоғары білімі мен құқық қорғау органдарында тәжірибесінің болмауы, бұрынырақ жұмыстан теріс себептермен босатылған, соттылығының болуы).

Ал «БерАли Мангистау Company» ЖШС-мен келісімшарт бойынша жасалған артық төлем, жұмысқа орналастыру кезіндегі заңсыздықтар, жұмысқа орналасу алгоритмінің бұзылуы, құжаттарды бұрмалау бойынша осыған дейін анықталған 7 факті құқық қорғау органдарына берілді.

Мердігер ұйымдар

ӨМГ-нің 29 мердігер ұйымында еңбек заңнамасының, талап етілетін еңбек жағдайлары мен санитарлық-тұрмыстық жағдайлардың, өндірістік қауіпсіздік, медициналық қызмет көрсету сапасының сақталуы тексерілді. Компания басшылығы мен қызметкерлер арасындағы коммуникацияның тиімділігіне (еңбек ұжымдарымен кездесулер, қызметкерлерді жеке мәселелер бойынша қабылдау және қызметкерлердің өтініштерін қарауға) ерекше назар аударылды.

Қазіргі уақытта ӨМГ-нің мердігер компаниялары анықталған 448 бұзушылықты жою бойынша жұмыс істеп жатыр.

Ұңғымаларды жерасты жөндеу

Ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жоспарлауда жүйелі проблемалар анықталды. Шешім ретінде ӨМГ-де, атап айтқанда, №9 Мұнай және газ өндіру цехінде пилотты жоба іске қосылды. Бұл процестің өзіне және механикаландырылған ұңғымалар қорына жауапты мамандар арасында функционалды бөлу арқылы ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жоспарлауды жақсартуға, қосымша операциялар мен әртүрлі жұмыс уақытындағы сәйкессіздіктерді ескере отырып, технологиялық процестің кемшіліктерін жоюға бағытталған.

Бұл жобаның арқасында орындалмаған жұмыс көлемі үшін бұдан былай қаражат бөлінбейді, жөндеу аралық кезең ұлғаяды, ұңғыма мен жерүсті жабдықтардағы ақаулар жойылады, өндіру үдерісі қалпына келтіріледі, өндірістік процестер оңтайландырылады, өндірістік мәдениет жақсарып, еңбек қауіпсіздігі артады.

Алдағы жоспар

Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» «Өзенмұнайгазбен» бірлесіп тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, ӨМГ 2023-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруға кірісті. Өндіріс орнындағы жабдықтарды жаңарту және қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар, кейбір мәселелер қаржы мен ұзақ мерзімді жоспарлауды қажет етеді. Мәселен, өндірістегі жабдықтарды жаңарту үшін (тербелмелі станоктарды, жылыту пештерін, сорғы жабдықтарын, токарлық станоктарды, дәнекерлеу агрегаттарын, слесарлық үй-жайларды жаңғырту және сатып алу) 2024-2028 жылдарға 37 млрд теңге бөлу қажет.

Сонымен қатар, ӨМГ арнайы техникаларды жаңартады. 2022 жылы 8,7 млрд теңгеге 201 арнайы техника сатып алынды. Биыл 27.09.2023ж. жағдай бойынша 3,4 млрд теңгеге 41 бірлік сатып алынды. 2024 жылы 78 арнайы техника сатып алу жоспарланған.

2023-2028 жылдар аралығында әлеуметтік нысандарды жөндеуге, кеңейтуге немесе салуға 15 млрд теңге қажет.

Сатып алу және өндірісті жабдықтау

Сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыру үшін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, тауарларды шағын партиялармен сатып алу және оларды шалғайдағы өндірістік нысандарға жеткізу мәселелерін шешу үшін норма енгізілді, оған сәйкес Тапсырыс берушінің Тауарлар, жұмыстар және қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы бойынша бірыңғай коды бар тауарларды кешенді сатып алуға құқығы бар. Бұл ретте бір лот бойынша сомасы 20 млн теңгеге жететін лоттарды біріктіруге болады. Бұған дейін қызмет көрсетушілер мен тауар жеткізушілер тендерге ұсынылатын көлем ауқымды болғанда ғана қатысып, шағын лоттарға немесе шалғай учаскелерге жеткізуге берілген тендерлерге қатыспаған.

Білікті қызмет көрсетушілер мен тауар жеткізушілерді таңдау мақсатында тендерлік комиссия мүшелеріне әлеуетті қызмет көрсетушілер мен тауар жеткізушілердің орналасқан жеріне баруға құқық берілген. Комиссия мүшелері олардың материалдық-техникалық жабдығы жарияланған сатып алу талаптарына сай болуын тексереді.

Сатып алу 250 млн теңгеден астам сомада жүргізілетін болса, ҚМГ Басқармасы бекіткен корпоративтік стандартта көрсетілген жағдайда тапсырыс беруші әлеуетті қызмет көрсетуші мен тауар жеткізушіден жұмысты (қызметтерді) орындау үшін қажетті техникалық ресурсының бар-жоқтығын сұрауға құқылы. Осыған дейін бұл талап қауіпті нысандарда және құрылыс-монтаждау жұмыстарына сырттан ресурс жалға алынған жағдайда қолданылатын.

Сатып алу сомасы 20 000 АЕК-тен асқанда (69 млн теңгеге жуық) тапсырыс беруші қаржының тұрақты түсуіне қатысты талап қоюға құқылы.

Тәртіпке енгізілген бірқатар нормалар сенімсіз қызмет көрсетушілер мен тауар жеткізушілердің қатысуына жол бермеуге бағытталған. Мәселен, тендерлерге жалған құжаттарды ұсыну жағдайларының көбейіп кетуіне байланысты тапсырыс беруші орындалған жұмыстар (көрсетілген қызмет) актісімен қатар шот-фактураны талап ететіні туралы өзгеріс енгізілді. Аталмыш құжаттар қызмет көрсетуші мен тауар жеткізушінің жұмыс өтілін растайтын болады.

Бұдан бөлек, қызмет көрсетуші мен тауар жеткізушінің растаушы құжатында сенімсіз ақпарат бергені анықталса, оның тендерге ұсынған өтінімі кері қайтарылады.

Халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін ҚМГ, ӨМГ және Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібіне қосымша өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістердің мақсаты – Жаңаөзен қаласында өндірісті оқшаулау және импортты алмастыру. Осылайша, тапсырыс берушілерге жергілікті тұрғындар үшін (50 және одан жоғары) жұмыс орындарын ашып, сатып алынатын тауарлардың өндірісін Жаңаөзен аумағында ұйымдастыруға кепілдік беретін әлеуетті жеткізушілерден тауарды ерекше тәртіп бойынша сатып алу құқығы берілді. Бұл талап «Өзенмұнайгаздың» және өңірдің басқа да мұнай компанияларының жыл сайын қажеттілігі үшін өнім шығаратын бірқатар нысандарды (зауыттар, цехтар және т.б.) салу мақсатында инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік фактор

ҚМГ тексеру қорытындысы бойынша Өзенмұнайгазға берген ұсыныстарды орындау үшін еншілес мекеменің басшылары 10 өндірістік құрылымдық бөлімшенің ұжымдарына есеп беру кездесуін өткізді. Осы айдың соңына дейін қалған 6 бөлімшенің ұжымымен кездесу жоспарланған.

Сонымен қатар, жұмысшылардың еңбек жағдайы қаншалықты қолайлы және әлеуметтік қолдау қамтамасыз етілгені ескерілуде. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

«Өзенмұнайгаз» компаниясындағы еңбекті қорғау және өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бизнес-процестерді цифрландыру мәселесіне жеке тоқталып өткен жөн. Мәселен, автокөліктерді басқару процестеріне диагностика жүргізу қорытындысы бойынша ӨМГ-де «Сапарларды басқару» жобасы іске асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – көлікті қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру және көлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру.

Жоба аясында көліктегі GPS-терминалдардан геолокация, жылдамдық, күрт жылдам жүру және тежеу, қауіпсіздік белдігін тағу, күндіз жүру шамдарын қосу, маршруттан ауытқу және ережелерді бұзу туралы онлайн-хабарламалар туралы деректерді жинау арқылы бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарда.

Бұл бастама жол-көлік оқиғаларын азайтуға, көлікті басқару процестерінің ашықтығын, автокөліктер мен арнайы техниканы пайдалану тиімділігін арттыруға, жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы