Астанада ет өнімдерінің сапасы мен халықаралық стандарттарды дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанның басты бастамаларының бірі – жылқы етінен жасалған дайын өнімдерге арналған алғашқы ISO стандартын әзірлеу ұсынысы болды.
Қазақстан не ұсынды?
19 тамызда елордада ISO/TC 34/SC 6 «Ет, құс, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» пленарлық отырысы аясында ет өнімдерінің сапасы жөніндегі форум өтті.
Іс-шараны ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті мен «ҚазСтандарт» РМК ұйымдастырды. Форумға ISO өкілдері, мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми ұйымдар және салалық сарапшылар қатысты.
Қазақстан жылқы етінен дайындалған дайын өнімдерге арналған алғашқы халықаралық ISO стандартын әзірлеуді ұсынды. Қазіргі уақытта мұндай өнімдерге арналған бірыңғай халықаралық құжат жоқ.
Бірыңғай стандарт не үшін қажет?
Жалпы талаптардың болмауы терминологияда, жіктеуде, таңбалауда және өнім сапасын бағалауда айырмашылықтардың туындауына әкеледі. Бұл өз кезегінде оны экспорттауға қосымша кедергілер жасауы мүмкін.
Болашақ халықаралық стандарттың негізі ретінде Қазақстан ГОСТ 34921-2023 «Ұлттық жылқы еті өнімдері. Техникалық шарттар» стандартын пайдалануды ұсынады.
Құжатқа дәстүрлі жылқы еті өнімдеріне қойылатын талаптар – қазы, шұжық, жал, жая, сондай-ақ ысталған шұжық өнімдері кіруі мүмкін.
Стандартты кім әзірлейді?
Қазақстан стандарт жобасын дайындап, оны өндіруші елдердің талқылауына шығаратын халықаралық жұмыс тобын құрып, оны басқаруға дайын.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбеков Қазақстанның ISO Кеңесі сайлауына қатысуы елге халықаралық шешімдер қабылдауға белсендірек қатысуға және отандық экономика үшін маңызды бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Форумда сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың стандарттау және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастығы талқыланды.
Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу, зертханааралық салыстырулар жасау және сынақ әдістерін жетілдіру мәселелерін қарастыруда.
Форум қорытындысы бойынша әрі қарайғы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды: жылқы еті өнімдеріне арналған ISO стандартын ілгерілету, қазақстандық сарапшылар мен бизнестің халықаралық стандарттауға қатысуын кеңейту, зертханалық базаны дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық жылқы еті Жапония нарығына шығуы мүмкін екені хабарланды.