Qazcontent пара спортшылар туралы "Сынбаған саңлақтар" деректі фильмін түсірді

21 Қазан 2023, 17:30
744
Бөлісу:
Qazcontent пара спортшылар туралы "Сынбаған саңлақтар" деректі фильмін түсірді
VIDEO

Қытайдың Ханчжоу қаласында IV пара Азия ойындары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аламан дода алдында Qazcontent мекемесінің шығармашылық тобы ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген пара спортшылар жайлы деректі фильм түсірген болатын.

Спортшылар екі аяғы мен қолынан айырылып, көз жанары нашарласа да спортты жанына серік етіп түрлі қиындықтарды қалай жеңіп шыққанын айтады.

Мотивацияға толы бұл фильмде тек өзі үшін емес, ел намысын қорғап, ұлттық құрамада өнер көрсететін спортшылардың дайындығы мен жаттығуы көрсетіледі.

Мысалы, Сиязбек Далиев -2018 жылы Пара Азия ойындарында топ жарған. Сиязбек бала кезінде мамандардың салғырттығынан тоққа түсіп, екі қолынан айырылған. Жүзумен 2008 жылдан бері кәсіби түрде айналысып, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. 2018 жылы Инданезияда өткен Азия ойындарында бір қола, бір алтын медаль иелеген болатын.

Екі көзі көрмей қалған Ақмарал Науатбек пара дзюдодан тарихымызда алғаш рет әйелдер арасында әлем чемпионы атанған қайсар қыз. Сәуір айында өткен парадзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Алда Парижде өтетін Паралимпиада ойындарында топ жарсам деген үлкен арманы бар.

1990 жылы күзде Маңғышлақ теміржол стансасындағы түнгі кезекшілік кезінде оң аяғы поездың астында қалып, тізеден кесілген Бауыржан Тахауов бүгінде әлем таныған білікті бапкер.

Кейінгі 10-15 жыл көлемінде республиканың параволейболын, қазақша айтқанда, отырып ойнайтын волейболды әлемдік деңгейге шығарған Бауыржан Тахауовты отандық спорттың мамандары ғана емес, Азия мен Еуропаның осы саладағы майталмандары жақсы біледі.

Берік Ізмағанбетовті спорт тек қана күш-қуатын арттырып қана қоймай, оның өмірінің мәнін келтірді деп айтуға болады. Ол 2011 жылы дәрігерлердің салғырттығынан аяғынан айырылған. Ол бүгінде отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құраманың ең белсенді ойыншыларының бірі.

Айсұлу Сүлейменова волейболды отырып ойнаудан еліміздегі жалғыз әйелдер командасының негізгі ойыншысы.

Студент кезінде жол апатына ұшырап, екі аяғынан бірдей айырылса да Айсұлудың қайсар мінезі оны үнемі алға жетеледі.

Осы жылдың мамыр айында параволейболшы алғаш рет жеңіл атлетикадан VІ жазғы Паралимпиада ойынына қатысып, топ жарды. Ол пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасның спорт шеберіне үміткер.

Бұл спортшылардың қай-қайсысының болмасын, қандай жағдайда да берілмеуге үйрететін, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуға шақыратын ерекше тарихы бар. Бірақ барлығы да қазақстандық жанкүйерлердің қолдауынан шабыт алатындарын айтады. Және сол сенімді ақтауға барын салып жүр. «Біз алмайтын асу жоқ. Қазақсттаның көк туын әлі талай биіктен желбіретеміз. Қазір біздің ұлттық құрамадан озып тұрған өзге мемлекеттің командаларын басып озуға мүмкіндік бар. Тек оған еңбек пен жігер керек», дейді Берік Ізмағанбетов.

Спортшыларымыздың жеңіске жеген жігерінің мықты екеніне жанкүйер ретінде біз де сенім білдіреміз.

Өзгелердің жаңалығы