Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкеріне баспана берілді.
«Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров медиа мамандарын мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен БАҚ қызметкерлеріне пәтер беру бастамасы биыл төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұл игі жобаның биылғы ерекшелігі – пәтерлер Астанада ғана емес, Алматыда, сонымен қатар еліміздің барлық облысында да берілетін болды. Мұндағы мақсат – өңірлік журналистиканы дамыту және әріптестерді әлеуметтік тұрғыда қолдау. Мереке қарсаңында облыстық ақпарат құралдарының қызметкерлері, сондай-ақ республикалық БАҚ-тардың жергілікті тілшілері қоныс тойын тойлағалы жатыр. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын әріптестеріміз үйлі болмақ, – деді Айбек Смадияров.
Биыл БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер беріледі. Оның ішінде Астана қаласында – 15, Алматы қаласында – 15, қалған 18 аймақта 2 пәтерден бөлінді.
Айта кетейік, Президент атынан пәтер кілтіне ие болған БАҚ өкілдерінің бірі «Qazcontent» АҚ қызметкері, PrimeMinister.kz ақпарат агенттігінің аға операторы – Бағлан Бегайдаров.
Ол телевизия саласында және мемлекеттік медиада 13 жылдық тәжірибесі бар оператор-қоюшы әрі видеограф.
Қазіргі уақытта «Qazcontent» АҚ-да аға оператор қызметін атқарады. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің жұмыс сапарларын, кездесулері мен кеңестерін, Үкімет отырыстарын, сұхбаттарды және PrimeMinister.kz порталына арналған бейнематериалдарды түсірумен айналысады.
Еңбек жолында Atameken Business, Gold Cinema Group және Zmedia компанияларында қызмет атқарған. Кәсіби еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ телевизия саласындағы бірқатар кәсіби марапаттармен марапатталған.
Баспанаға үміткерлерді анықтау, пәтерлерді даярлау жұмыстарын «Dara» Президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ редакциялары бірлесе жүргізді.
Атап өтерлік жайт, өткен үш жылда Президент атынан БАҚ саласының 200 қызметкеріне баспана берілді.
Сондай-ақ бүгін Алматыда Мемлекет басшысының атынан отандық БАҚ қызметкерлері марапатталды. Салтанатты іс-шара барысында отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін медиа саласының қызметкерлеріне «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы табысталды.