Қазақстанға Нидерландтан әкелінген салат жапырағы мен Армения гүлдерінен қауіпті зиянкес табылды

Нидерланд пен Армениядан әкелінген карантиндік зиянкеспен залалданған өнімдер Қазақстанға кіргізілмеді.

 pexels.com 27 Шілде 2026, 15:12
27 Шілде 2026, 15:12
143
Фото: pexels.com

Қазақстанға Нидерландтан әкелінген салат жапырағы мен Армения гүлдерінен қауіпті зиянкестер табылған, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сітеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік инспекторлары «Алматы халықаралық әуежайы» фитосанитариялық бақылау бекетінде қауіпті карантиндік зиянкес – батыс гүл трипсімен залалданған импорттық өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол бермеді.

Қауіпті зиянкес Нидерланд Корольдігінен жеткізілген салат көктері партиясынан, сондай-ақ Армения Республикасынан әкелінген 600 дана кесілген гүлден анықталды. Аталған өнім иелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігіне («Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу») сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерінде фитосанитариялық бақылауды күшейту жұмыстарын жалғастыруда.

Қолға алынған шаралар аса қауіпті карантиндік объектілердің еліміздің аумағына кіргізілуі мен таралуының алдын алуға, отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғауға және елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан шекарасында қауіпті жемістер партиясы анықталды.

Наверх