Трамп пен Зеленский келесі аптада Ақ үйде кездеседі

Келіссөз барысында Украинадағы ахуал мен барлау мәліметтері талқылануы мүмкін.

 istockphoto.com 26 Шілде 2026, 17:50
26 Шілде 2026, 17:50
186
Фото: istockphoto.com

Украина президенті Владимир Зеленский келесі аптада Вашингтонға барып, АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйде кездеседі.

ABC News телеарнасының Ақ үй өкіліне сілтеме жасап хабарлауынша, келіссөздер 28 шілде, сейсенбі күні өтеді.

Сондай-ақ Зеленский америкалық сенатор Линдси Грэммен қоштасу рәсіміне қатысады. Зеленский мен Грэмді жақын қарым-қатынас байланыстырған. Сенатор өмірден озар алдында Украинаға барған болатын.

Зеленский Трампқа барлау мәліметтерін тапсырмақ

Украина басшысының бұл сапары оның Ресей мен Иранға қатысты жаңа мәлімдемелері аясында жария болды. Сенбі күні Зеленский X әлеуметтік желісінде Украина арнайы қызметтеріне одақтастарға барлау мәліметтерін жеткізуді тапсырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл деректер АҚШ пен Иран арасындағы жалғасып жатқан қақтығыс кезінде Ресейдің Иранға көмек көрсеткенін айғақтайды.

Зеленскийдің сөзінше, шілде айының басынан бері Украина тарапы Ресейдің Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарының нысандары мен өңірдегі америкалық әскери базаларға қатысты спутниктік барлау жүргізгенін тіркеген. Ол бұл мәліметтер мен кейіннен Иран жасаған соққылар арасында «айқын байланыс» бар екенін айтты.

Ақ үйдің ұстанымы

Ақ үй әзірге бұл мәлімдемелерге қатысты пікір білдірген жоқ және Украина президенті айтқан барлау мәліметтерін америкалық биліктің алған-алмағанын да растаған жоқ.

Бұған дейін Дональд Трамп журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ресей мен Қытай Иранға елеулі көлемде көмек көрсетіп жатыр деп есептемейтінін айтқан болатын. Оның сөзінше, Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Тегеранды «қандай да бір елеулі көлемде» қолдауға ниетті емес екенін жеткізген.

Наверх