Иран: АҚШ шабуылдарын тоқтатса, біз де соққы жасамаймыз

Егер АҚШ әскери операцияларын тоқтатса, Иран да әскери әрекеттерін уақытша доғарады.

 depositphotos.com 27 Шілде 2026, 01:29
27 Шілде 2026, 01:29
142
Фото: depositphotos.com

Иран АҚШ әуе соққыларын тоқтатқан кезеңде өз тарапынан да шабуыл жасамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігіне Иранның жоғары лауазымды өкілі хабарлады.

Дереккөздің айтуынша, Тегеранның ұстанымы өзгерген жоқ: «шабуылға – шабуыл» қағидаты сақталады. Егер АҚШ әскери операцияларын тоқтатса, Иран да әскери әрекеттерін уақытша доғарады. Бұл ұстаным Вашингтонға дипломатиялық арналар арқылы жеткізілген.

Reuters мәліметінше, Пентагон жұма күні кешке Иранға бағытталған әуе шабуылдарын уақытша тоқтатқан. Содан бері АҚШ тарапынан жаңа соққылар тіркелмеген. Өз кезегінде Иран да соңғы екі тәулікте жауап соққыларын жасамаған.

АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі Майк Уолцтың айтуынша, президент Дональд Трамп әскери іс-қимылды уақытша тоқтату арқылы дипломатиялық келіссөздерге мүмкіндік беруді көздеп отыр.

Сонымен қатар Reuters америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ әскери басшылығы Ирандағы алдын ала белгіленген нысандардың азаюы мен оқ-дәрі қорының сарқылуына байланысты алаңдаушылық білдіргенін хабарлады. Осы себепті әскери операцияны жалғастырудың тәуекелі жоғары екені президентке жеткізілген.

Алайда Иран билігі Вашингтонның бұл қадамына сақтықпен қарап отыр. Reuters-пен сөйлескен ирандық дереккөз Тегеранда бұл үзіліс шынайы бейбітшілікке ұмтылыстан гөрі тактикалық сипаттағы қадам ретінде бағаланатынын айтты.

Соңғы апталарда АҚШ Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына төндірген қауіп-қатеріне жауап ретінде әуе соққыларын күшейткен болатын. Ал Иран Парсы шығанағындағы АҚШ-тың одақтастарына тиесілі инфрақұрылым нысандарына соққы беріп жауап қайтарды. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы әскери іс-қимыл уақытша бәсеңдегенімен, жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

Наверх