Қазақстанға лотерея терминалдарын әкелуге тыйым салына ма

24 Желтоқсан 2023, 10:47
480
Бөлісу:
Қазақстанға лотерея терминалдарын әкелуге тыйым салына ма

Лотерея терминалдарын Қазақстанға әкелуге қашан тыйым салынуы мүмкін? Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі барлық лотерея терминалына тексеру жүргізуді ұсынып, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттың сауалына жауап берді.

Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың тексерулерге бастамашылық жасау мәселесі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексімен шектелген және регламенттелген.

Кодекстің 144-бабының 5-тармағына сәйкес нақты кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты анықталған және осы жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жататыны анықталды. Осыған байланысты, қазіргі уақытта тиісті тексерулер жүргізуге негіз жоқ, - деп жауап берді Ерұлан Жамаубаев.

Ол лотерея терминалдарын әкелуге тыйым салу мәселесіне қатысты да ойын айтты.

Жамаубаевтың сөзінше, лотерея терминалдарын әкелуді шектеу жөніндегі шараларды келесі жылы уәкілетті орган әзірлейтін заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде пысықтау жоспарланып отыр.

Бұл ретте, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет болып табылатынын және сыртқы сауданы реттеудің тарифтік емес шараларын белгілеу құзыреті Еуразиялық экономикалық комиссияға берілгенін, оның шешімдері консенсуспен қабылданатынын ескере отырып, сауданың кез келген шектеулерінің нақты негіздемесі болуы тиіс екенін ескеру қажет, - деді Жамаубаев.

Өзгелердің жаңалығы