"Оқушылар ойнап жүр". Депутат лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді ұсынды

22 Қараша 2023, 13:12
468
Бөлісу:
"Оқушылар ойнап жүр". Депутат лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді ұсынды
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі барлық лотерея терминалына тексеру жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа сауал жолдады.

Депутат азаматтарымыздың ойын құмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы себеп болып отырғанын айтты. Сөзінше, елімізде «LOTOMatic», «LOTOclub» сияқты атаулармен жұмыс жасайтын «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір адамдар.

Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Лотоклубтың мәселесін заңмен қатаң шектейтініміз анық. Өйткені бұл да казиноның, құмар ойынның бір түрі. Ал жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек қана ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс жасап жатқан тажалойын жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді, - деп айтты Елнұр Бейсенбаев.

Депутат атап өткендей, Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіре берісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лоторея сататын автомат емес, ол – нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бірмезетте алатын ойын автоматтары.

Оған қоса, аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық. Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп, өз тағдырын қиратқан жас балаларымыз отбасыларын да сан соқтырып жатыр емес пе?! Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстардың туындау көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасу, көлеңкелі бизнес және тағы басқаларының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді, - дейді депутат.

Елнұр Бейсенбаев ойын автоматтары мен оларға қажетті жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шет елдерден тасымалданатынын атап өтті.

Және бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолдармен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Яки олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс әрекетіне жатады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шет елдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салу, оларды кеденнен өткізбеуді қолға алуымыз қажет, - деп ұсынысын айтты ол.

Өзгелердің жаңалығы