Қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі ғана салауатты өмір салтын ұстанады

4 Сәуір 2023, 14:55
676
Бөлісу:
Қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі ғана салауатты өмір салтын ұстанады
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бүгінгі таңда салауатты өмір салты қызметін республикалық деңгейде ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы көрсетеді.

Өңірлік деңгейде салауатты өмір салтының функциялары бәсекелестік ортаға берілді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 23,2%-ды - қазақстандықтардың төрттен бір бөлігін құрады. Коронавирус инфекциясы пандемиясы кезінде саламатты өмір салтын насихаттауға арналған бюджет 2019 жылмен салыстырғанда 4 есеге, яғни 2,5 млрд теңгеге қысқарғанын және бүгінде 512 млн теңгені құрайтынын айта кеткен жөн, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол биыл халық арасында салауатты өмір салты бойынша 1,4 млн-нан астам іс-шара өткізілетінін айтты.

Инфекциялық емес ауруларды азайту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қалалар», «Саламатты мектептер», «Саламатты университеттер» жобаларын енгізу жалғасады. Сонымен қатар халықтың арасында темекі өнімдерін тұтыну деңгейін және инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын зерделеу үшін ДДСҰ әдістемесі бойынша «STEPS» ұлттық зерттеуі жүргізіледі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 30%-ға дейін артады деп күтілуде, - деді Ажар Ғиният.

Өзгелердің жаңалығы