Алматыда Кеңсай-2 зиратында ондаған адам қазақстандық музыкант Darkhan Juzz есімімен белгілі Дархан Жүнісбековпен қоштасуға келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Zakon.kz хабарлауынша, бүгін сағат 11:00-де Дархан жер қойнына тапсырылды. Молда құран оқып, жиналған жұрт қол жайды. Ол Батырхан Шүкенов сынды белгілі азаматтардың жанына жерленді.
Айта кетейік, Дархан Жүнісбековтің қайғылы жағдайдағы мезгілсіз өлімі оның жанкүйерлері мен жақындарына ауыр соққы болды.
Фото: Zakon.kz
Ozen медиа-компаниясының негізін қалаушы Айзатулла Хуссейннің сөзінше, Дархан өзінен кейін үлкен мұра қалдырып кетті.
Дархан өте бақытты адам болды. Өзінен кейін үлкен шығармашылық мұра қалдырды. Қазір оның барлық достары соның барлығын біріктіретін болады. Сонымен қатар оның бастаған ісі жалғасын табады. Дархан көптеген досы үшін бауырындай болды. Ол барлық шығармашыл адамдар тәрізді нәзік жанды болды. Әнінің әр сөзін жазуға асқан жауапкершілікпен қарайтын. Қазір музыканттың артынан қалдырған мұрасы туралы айтқым келеді. Соңғы материалды ол өзінің продюсері Әділетпен бірге жазған еді, - деді Хуссейн.
Бұл ретте õzen лейблі Дарханның шықпай қалған альбомын дүйім жұртқа таныстыратындарын мәлімдеді. Альбомнан түскен барлық ақшаға және оның авторлық құқықтарына Дарханның балалары Әди мен Айдана иелік ететінін айтып өтті.
Еске салсақ, 24 ақпанда Darkhan Juzz-дің мезгілсіз дүниеден өткені хабарланды. ҚР СІМ оның Пхукет аралдарында қайтыс болғанын растады. Таиланд полициясының ақпаратына сүйенсек, ол жол апатынан көз жұмған.