Мәжіліс бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат қазақстандық тауарлардың Біріккен Араб Әмірліктері нарығына шығуы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Келісім аясында тараптар тауар номенклатурасының кемінде 85 пайызы бойынша тарифтік либерализация жүргізуге, яғни импорт кезінде алынатын кедендік баж салығын жоюға уағдаласқан.
Атап айтқанда, Әмірліктер тарапы 6 757 тауар позициясына немесе жалпы тауар номенклатурасының 86 пайызына қатысты преференциялар ұсынады.
Олардың ішінде 6 565 тауар позициясы бойынша кедендік баж салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетіледі. Ал тағы 192 тауар позициясы бойынша ЕАЭО елдерінен бажсыз импорттау үшін тарифтік квоталар белгіленеді.
Депутаттардың пікірінше, ратификацияланған келісім Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ құжат қазақстандық өнімдердің Таяу Шығыс нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан доллармен емес, жапон йенасымен миллиардтаған қарыз алатыны хабарланды.