Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан жалпы сомасы 154,7 млрд жапон йенасы көлемінде қарыз тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, депутаттардың қарауына Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және Даму банкі, сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобалары енгізілген.
Қазақстан Президентінің биылғы 15 мамыр мен 15 маусымдағы жарлықтарына сәйкес, жалпы сомасы 154,7 млрд жапон йенасын құрайтын қарыз келісімдеріне 2026 жылғы 20 мамырда және 15 маусымда қол қойылған.
Қаржы министрі қарызды дәл жапон валютасымен тартудың себебін де түсіндірді.
Жапон йенасы валютасын таңдаудағы негізгі себеп – Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлеме және теңге мен жапон йенасы арасындағы тығыз байланыс, – деді Мәди Такиев.
Оның сөзінше, тартылатын қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі міндеттерін іске асыруға және экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға бағытталады.
Министрдің мәліметінше, қарыздар 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл мерзімге беріледі. Қарыз бойынша міндеттемелер республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелмек.
Мәди Такиев Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестері екенін атап өтті.
Өткен жылдары Қазақстан мен аталған банктер арасында кең ауқымды экономикалық мәселелерді қамтитын берік әрі сындарлы ынтымақтастық қалыптасты. Банктердің белсенді қатысуымен бірқатар жобалар табысты іске асырылып жатыр, әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған гранттар бөлініп, техникалық көмек көрсетілуде, – деді министр.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі тарапынан 10,7 млрд доллар, ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі тарапынан 1,1 млрд доллар инвестиция тартылған.
Сонымен қатар министр елдің борыштық көрсеткіштері рұқсат етілген шектерден аспайтынын айтты.
Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлардың нақты деңгейі рұқсат етілген мәндер шегінде тұр. Еліміздің қаржылық орнықтылығы жетекші рейтингтік агенттіктердің тұрақты болжамы бар жоғары кредиттік рейтингтерімен расталып отыр, – деді ол.