Қазақстандық мерген Ислам Сәтбаев Париж Олимпиадасына лицензия алды

19 Тамыз 2023, 21:35
612
Бөлісу:
Қазақстандық мерген Ислам Сәтбаев Париж Олимпиадасына лицензия алды
Фото: gov.kz

Қазақстан құрамасы Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан стенд атудан 53-ші лицензиялық әлем чемпионатына қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және спорт министрлігі ерлер арасында «10 м пневматикалық мылтықтан ату» жаттығуының финалында отандасымыз Ислам Сәтбаев 4-ші орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болғанын хабарлады. Аталған жаттығу бойынша Париж Олимпиадасына барлығы 4 жолдама беріледі. Сонымен қатар алматылық мерген 632,7 ұпай жинап, Қазақстан рекордын орнатты.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Исламды табысты өнер көрсетуімен құттықтады.

Ислам Сәтбаевты және Қазақстан құрама командасын бірінші олимпиадалық лицензияны жеңіп алуымен құттықтаймын! Бұл спортшыларымыз үшін Париждегі ойындарға соңғы жолдама емес екеніне сенімдімін. Биыл мергендеріміз ірі халықаралық біріншіліктерде керемет нәтиже көрсетуде. Мысалы, стенд атудан Қазақстан құрамасы Алматыда өткен Әлем кубогының медальдік есебінде үздік атанды. Құраманың өзге де мүшелерінің жоғары нәтиже көрсетуіне тілектеспін, - деді Асхат Оралов.

Оқ пен стенд атудан лицензиялық әлем чемпионаты 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

Біріншілікке әлемнің 100 елінен 1 500-ден астам спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын еліміздің ең мықты 50 мергені қорғайды.

Өзгелердің жаңалығы