Қазақстандық кәсіпкерлердің мәселесі Мәскеуге дейін жеткен

Wildberries пен Ozon-да сауда жасайтын қазақстандық кәсіпкерлердің мәселесі Ресей Қаржы министрлігіне дейін жетті. Нақты қандай түйткіл бар?

20 Тамыз 2026, 15:22
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина 20 Тамыз 2026, 15:22
20 Тамыз 2026, 15:22
117
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сауда департаментінің директоры – басқарушы директор Дәурен Аутәліпов халықаралық маркетплейстерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерді алаңдатып отырған таңбалау және салық салу мәселелері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, бұл мәселе бизнес тарапынан жиі көтеріліп келеді және жүйелі сипатқа ие.

Таңбалау мәселесі бойынша арнайы сарапшы емеспін, алайда бұл тақырыпқа қатысты кәсіпкерлерден көптеген өтініш түсіп жатыр. Әсіресе Wildberries, Ozon секілді халықаралық маркетплейстерде жұмыс істейтін сатушылар үшін бұл өзекті мәселе болып отыр. Себебі Ресей Федерациясында таңбалау жүйесі мен талаптары өзгеше қалыптасқан, – деді Дәурен Аутәліпов.

Оның айтуынша, аталған мәселе Ресей Қаржы министрлігінің басшылығы деңгейіне дейін жеткен. Соңғы бір айдың ішінде тараптар екі рет кездесіп, қалыптасқан жағдайды талқылаған.

Біз бұл мәселені Ресей Қаржы министрлігіне дейін көтердік. Министрлік өкілдері үн қатып, арнайы уақыт бөлді. Соңғы айда екі рет кездесу өткіздік. Ресейде енгізіліп жатқан жаңа құралы да талқыланды. Оған сәйкес импорттаушылар Ресейге тауар кіргізу үшін белгілі бір төлемдерді алдын ала қамтамасыз етуі тиіс. Осы тетіктердің барлығын бизнес өкілдерімен бірге талқыладық, – деді ол.

Аутәліповтың айтуынша, соңғы кездесу 13 тамызда өткен. Жиынға Қазақстанның мемлекеттік органдарымен қатар Ресейдің Федералдық салық қызметі мен Федералдық кеден қызметінің өкілдері қатысқан.

Кездесу барысында маркетплейстердегі сатушылардың кей жағдайда қосарланған салық салуға тап болатыны анықталған.

Мысалы, Wildberries платформасында жұмыс істейтін сатушылар қосарланған салық салу тәуекеліне ұшырап отыр. Өйткені бұл маркетплейстегі сату жүйесі күрделі. FBS (Fulfillment by Seller) моделі бар, онда тапсырысты өңдеу мен жеткізу процесін сатушының өзі ұйымдастырады. Осындай жағдайларда қосарланған салық салу мәселесі туындайды, – деді басқарушы директор.

Оның айтуынша, Ресей Қаржы министрлігі бұл проблеманың бар екенін ресми түрде мойындаған.

Ресей Қаржы министрлігі бізге ресми жауап жолдап, мәселенің бар екенін растады. Енді операторларды, сатушыларды және уәкілетті органдарды қатыстырып, бірлескен талқылау өткізу қажет екенін айтты. Ресей тарапы бұл жұмысқа Қаржы министрлігін, Өнеркәсіп және сауда министрлігін, сондай-ақ таңбалау операторларын тартуға дайын екенін жеткізді, – деді Дәурен Аутәліпов.

Оның сөзінше, бұл мәселе әзірге толық шешілген жоқ және тараптар алдағы уақытта да бірлесіп жұмысын жалғастырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандағы балалар тауарлары нарығы негізінен импортқа тәуелді. Бұл туралы Қазақстанның балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының президенті, ALEXPO көрме платформасының директоры Дарья Гайденрайх мәлімдеді. Сарапшының мәліметінше, импорттың басым бөлігі Қытайдан жеткізіледі. Оның үлесі – 55 пайыз. Ал Ресейден келетін өнімдер көлемі 33 пайызға тең.

Наверх