Қазақстандық биологтар Халықаралық олимпиаданың тапсырмаларын әзірлеп жатыр

8 Ақпан 2024, 15:32
355
Бөлісу:
Қазақстандық биологтар Халықаралық олимпиаданың тапсырмаларын әзірлеп жатыр
Фото: ortcom.kz

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Орта білім комитетінің төрағасы Жұмашев Қаныбек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы олимпиада тапсырмаларын әзірлеу үшін қазақстандық жас биологтар мен ғалымдар қатарынан IBO-2024 Ғылыми комитетін құрды. Комитет құрамына сондай-ақ, биологиядан халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері де енді, - деді Жұмашев.

Оның сөзінше, былтырдан бастап халықаралық деңгейдегі олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеу бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатыр.

Олимпиада екі турдан тұрады: теориялық және практикалық тур. Олимпиада биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы салаларындағы стандартты емес теориялық және практикалық тапсырмалардан тұрады.

Халықаралық комитеттің ұсынымдарына сәйкес, олимпиада тапсырмаларының және аудармасының сапасын тексеру үшін шет елдердің білікті мамандары тартылып жатыр. Бүгінгі таңда биология бойынша Қазақстанның олимпиадалық құрамасы үшін оқу-жаттығу жиындары тұрақты ұйымдастырылуда, сонымен қатар біздің құрама команда халықаралық оқу-жаттығу жиындарына да қатысып жатыр, - деп айтты комитет төрағасы брифингте.

Сонымен қатар олимпиада барысында қазақстандық педагогтер үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен шеберлік сыныптары, биологиядан олимпиадалық есептерді шешу бойынша оқыту семинарлары және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі.

Халықаралық олимпиада аясында бағдарламада қатысушыларды Астана мен Бурабайдың көрікті жерлері бойынша қызықты экскурсиялар, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру жоспарланған. Олимпиада тек білім саласында бәсекелес ортаны құруға ғана емес, көпмәдениетті атмосфераны қалыптастыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы