Америкалық кәсіпкер, SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Қазақстанда қар құрсауында қалған бес адамның Starlink спутниктік интернетінің көмегімен құтқарылғаны туралы жазба қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кәсіпкер 8 қарашада X әлеуметтік желісіндегі парақшасында DogeDesigner аккаунтының жазбасын репост жасап, оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Starlink адам өмірін сақтайды», – деп жазды Илон Маск.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның таулы аймағында бес адам мінген жол талғамайтын көлік істен шыққан. Оқиға Күршім ауданындағы Қыстау ауылынан шамамен 15 шақырым жерде болған.
Аталған аумақта ұялы байланыс болмаған. Алайда Starlink спутниктік интернетінің көмегімен көмек шақыру мүмкін болғаны айтылған. Соның нәтижесінде қар құрсауында қалған бес адам құтқарылған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қар басқан жолда тоқтап қалған жол талғамайтын көлік пен көмекке келген адамдарды көруге болады.
Илон Маск бөліскен жарияланым әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Скриншот түсірілген сәтте кәсіпкердің жазбасы 2,2 миллионнан астам қаралым жинаған.