Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім жеті жылда 52,9%-ға өсіп, 15 006 долларға жетті. 2020 жылғы пандемияның салдарына қарамастан, 2019–2025 жылдары ел экономикасы нақты мәнде 28,9%-ға ұлғайды. Орташа жылдық өсім 3,7%-ды құрады.
Ең жоғары өсім құрылыс саласында тіркелді
Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші нақты сектор болды. Жеті жылда тауар өндірісі 38,8%-ға ұлғайды. Ең жоғары өсім құрылыс саласында тіркеліп, оның көлемі 2,4 есе артты. Өңдеу өнеркәсібі 41,8%-ға, ауыл шаруашылығы 25,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі 14,9%-ға өсті.
Инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы мен нақты сектордағы өндірістің ұлғаюы қызмет көрсету саласының дамуына да ықпал етті. Жеті жылда қызмет көрсету көлемі 22,1%-ға өсті. Байланыс қызметтерінің көлемі 56,4%-ға, сауда көлемі 44,1%-ға, көлік қызметтерінің көлемі 38,4%-ға артты.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 23,5 трлн теңгеге жетті
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жеті жылда 65,9%-ға өсіп, 23,5 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде тікелей шетелдік инвестицияның жалпы түсімі 155,7 млрд долларды құрады.
Инвестиция көлемінің артуымен қатар өндірістік мүмкіндіктер кеңейіп, экспорттық әлеует артты. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау және басым сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейту нәтижесінде шикізаттық емес экспорт 1,8 есе өсті. Оның көлемі 15,8 млрд доллардан 28,8 млрд долларға жетті.
Экономиканың дәстүрлі салаларында да өндіріс көлемі ұлғайды. Мұнай өндіру көлемі 9,2 млн тоннаға артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 млн тоннаны құрады.
Еңбек өнімділігі 21,7%-ға артты
Жеті жылда жалпы экономика бойынша еңбек өнімділігі 21,7%-ға өсті. Бірқатар салада өсім орташа көрсеткіштен жоғары болды. Құрылыста еңбек өнімділігі 2,3 есе артса, ауыл шаруашылығында 66,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 32%-ға, саудада 28,9%-ға өсті.