Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда ұялы телефон ұрлығы рекордтық деңгейде азайды

10 Маусым 2025, 16:01
555
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстанда ұялы телефон ұрлығының тіркелуі қарқынды түрде төмендеп бара жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, елімізде бес айда осындай 2,1 мың оқиға тіркелді, бұл өткен жылдың деңгейінен 38%-ға төмен. ҚР БП ҚСжАЕК деректеріне сүйенсек, қаңтар-мамыр айлары аралығындағы мұндай абсолюттік төмен көрсеткіш 2017 жылдан бері жүргізілген барлық бақылау тарихында алғаш рет байқалып отыр.

Жалпы алғанда, мұндай төмендеудің болатыны анық еді. Себебі қарастырылып отырған кезең қорытындысы бойынша ұялы телефон ұрлығының саны кем дегенде соңғы сегіз жылда тұрақты түрде жылдан жылға азайып келеді. Сондықтан бұл жерде назар аударарлық жайт – көрсеткіштің төмендеуі емес, оның елеулі қарқыны. Айтпақшы, былтыр да шамамен осындай болған еді – 34%, - делінген ақпаратта.

Қазақстанда ұялы телефон ұрлығы рекордтық деңгейде азайды

Аталған бюро ұсынған мәліметке сәйкес, қаңтар-мамыр аралығында тіркелген ұялы телефон ұрлығының 26%-ы бойынша қылмыстық істер сотқа жолданған. Ал қалған істердің бәрі тергеліп жатыр деп айтуға келмейді. Тағы 26%-ы бойынша сотқа дейінгі тергеу мерзімдері тоқтатылған, себебі қылмыс жасаған тұлға анықталмаған. Сонымен қатар 23%-ы бойынша қылмыстық іс тоқтатылған. Оның себебі күдіктіні қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз болатын мән-жайлар табылған.

Қорытындылай келе, бір маңызды ақпаратты айта кетейік. Ұялы телефон ұрлығы көбінесе қоғамдық орындарда болады. Нақты айтқанда, қаңтар-мамыр айларында тіркелген ұрлықтардың 56%-ы (2,1 мың жағдайдың 1,2 мыңы) қоғамдық жерлерде орын алған.

Өзгелердің жаңалығы