Студенттерді жайлы әрі қауіпсіз жатақханамен қамтамасыз ету – жоғары білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Бұл жұмыс мемлекеттік деңгейде қабылданған заңнамалық және стратегиялық құжаттар аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын жатақханаға деген қажеттілікті талдап, студенттердің өңірлер бойынша орналасуын және әлеуметтік жағдайын зерделейді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары жатақхана тапшылығын азайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
2018-2025 жылдар аралығында ел бойынша 72 мыңнан астам орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана және колледж студенттеріне арналған 20 802 орындық 99 жатақхана ашылды.
Жүйелі шаралардың нәтижесінде бірнеше жыл бұрынғы айтарлықтай тапшылық бүгінде 5 176 орынға дейін қысқарды. Қазіргі таңда жатақхана орындарының жетіспеушілігі негізінен Алматы қаласында ғана сақталып отыр. Ал Астана қаласы мен өзге өңірлерде бұл мәселе толық шешімін тапқан.
Студенттердің қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайына да ерекше назар аударылуда. Қажет болған жағдайда жоғары оқу орындары студенттерді орналастыру үшін хостелдерді жалға алады. Мұндай нысандардағы қауіпсіздік талаптары арнайы нормативтік құжаттармен реттеледі.
2025-2026 оқу жылында студенттерге қолдау көрсету мақсатында ситуациялық және дағдарыс орталықтары іске қосылды. Жатақхана орындары бойынша ақпарат пен кеңес беретін ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында ашылды. Ал төтенше жағдайларда уақытша баспанамен қамтамасыз ететін дағдарыс орталығы Тынышпаев атындағы ALT университетінде жұмыс істейді.
Бүгінгі күнге дейін ситуациялық орталыққа 2,5 мыңнан астам адам жүгінсе, дағдарыс орталығының қызметін 10 студент пайдаланған.
Сонымен қатар әр өңірде студенттердің мәселелерін жедел шешуге жауапты омбудсмендер бекітіліп, министрліктің қолдауымен арнайы штаб жұмыс жүргізуде. Жоғары оқу орындарының ресми сайттарында студенттердің өтініштері мен ұсыныстарын қабылдайтын тікелей байланыс арналары да іске қосылған.
Министрлік бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын және студенттерді қолжетімді әрі қауіпсіз жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бастамалар жүзеге асырылатынын мәлімдеді.