Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ – Ерлан Сайыров Петропавлдағы жағдай туралы

5 Сәуір 2023, 12:25
740
Бөлісу:
Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ – Ерлан Сайыров Петропавлдағы жағдай туралы
Фото: ru.sputnik.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Петропавл қаласында болған жағдайға қатысты тиісті органдарға депутаттық сауал жолдады. Депутат Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Петропавл қаласындағы бірқатар азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келетін мәлімдемелері қоғам арасында резонанс туғызып, бүкіл халықтың мазасын алып жатыр. Бұл оқиға еліміздегі құқықтық сана және қоғамдық процестер саласындағы фундаменталды проблемалардың бар екендігін көрсетеді.Азаматтар өздерінің іс-қадамдары үшін нақты заң алдында қатаң жауап беретіндігін сезініп, түсінуі тиіс. Құқықтық мемлекет дегеніміз заң және тәртіп, - деді депутат.

Конституцияға сәйкес, іс-әрекеттері мемлекеттің территориялық тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынған.

Қылмыстық Кодексте Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру әрекеттеріне ауыр жаза қарастырылған. Бұл оқиға еліміздің ақпараттық-қоғамдық саласында да терең проблемалардың да бар екендігін көрсетті. Азаматтардың мемлекеттік өзін-өзі сезіну мәселесімен ешбір мемлекеттік орган жүйелі айналысып отырған жоқ, мемлекеттің және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік проблемасы ушығып тұр, - деді Сайыров.

Депутат атап өткендей, Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкіліне әлеуметтік-экономика, саясат саласында өздерін көрсетуге, бейбіт, лайықты өмір сүруге барлық жағдай жасалған.

Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің бірлігі мен еліміздің территориялық тұтастығы үшін аянбай еңбек етіп, күресуі керек. Бұл барлығымыздың перзенттік парызымыз! Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ! Бұл еліміздің барша азаматтарының талап-тілегі.

AMANAT партиясы фракциясы мүшелері Үкімет құзырлы органдармен бірлесе отырып, мәселені шешу үшін қадамдар жасауы маңызды деп есептейді.

Депутаттар мынадай ұсыныс айтты:

1. Құзырлы органдар еліміздің мемлекеттің бұлжұмастығы мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге қабілетті жасырын, жасырын емес топтарға қатысты құқықтық тексеру жүргізіп, олардың тамырына балта шабу қажет.

2. Халық арасында құқықтық ағарту жүргізе отырып, азаматтардың әр-бір сөзі мен қадамының құқықтық терең салдары жөнінде ескерту өте маңызды.

3. Жастар, ересектер арасында Қазақстандық патриотизм, мемлекеттік мүдде құндылықтарын уағыздайтын концептуалдық бағыт-бағдар жасау уақыт талабы.

4. Шекаралық аймақтарда Қазақстан мемлекетінің ақпараттық күш-қуатын арттыратын тетіктер жасау қажет.

5. Азаматтардың Қазақстандық мемлекеттік өзін-өзі сезіну мәдениетін қалыптастыру үшін нақты қадамдар дайындай кезек күттірмейді.

Өзгелердің жаңалығы