Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы қайтадан жоғарылап, бірқатар өңірде аптап ыстық орнайды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен республиканың көптеген өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында қатты жаңбыр жауады деп күтілуде.
Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде Иран аумағынан келетін құрғақ ауа массаларының ықпалынан жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталады.
Синоптиктердің мәліметінше, батыс өңірлерді қоспағанда, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы біртіндеп көтеріледі.
Күндіз:
- республиканың солтүстік жартысында ауа температурасы +30…+38 градусқа дейін;
- оңтүстік жартысында +33…+44 градусқа дейін көтеріледі.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, мол су ішуге, бас киім киюге және күн сәулесінен сақтануға кеңес береді. Сонымен қатар қатты жел мен найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ауа райы болжамын қадағалап отыру қажет.
Еске салсақ, бұған дейін «Қазгидромет» РМК 2026 жылғы тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады.