«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Метеорологтардың болжамынша, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл және Алматы облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Ұлытау облысының оңтүстік жартысында және Қарағанды облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері норма шамасында күтіледі.
Ал Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Қызылорда мен Түркістан облыстарының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы мүмкін.
Ауа температурасы қандай болады?
Қазгидрометтің болжамына сәйкес, тамызда Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы +21...+29°C аралығында болады.
Еліміздің қиыр оңтүстік-батысында +30...+31°C, ал солтүстік, солтүстік-батыстың жекелеген аудандары мен шығыс өңірлерде +15...+20°C күтіледі.
Тамыздың климаттық ерекшелігі
Синоптиктердің мәліметінше, тамыз – жаз мезгілінің соңғы айы. Бұл кезеңде республика бойынша ауа температурасы шілдемен салыстырғанда біртіндеп төмендей бастайды.
Көпжылдық климаттық деректерге сәйкес:
- Қазақстанның солтүстігінде орташа айлық ауа температурасы +16...+18°C;
- оңтүстігінде +25...+27°C болады.
Кейбір жылдары ауа температурасы +36...+44°C-қа дейін, ал республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-батысында +47...+48°C-қа дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар өте салқын жылдары тамыздың екінші және үшінші онкүндігінде солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы +1...+6°C-қа дейін төмендеп, жекелеген аудандарда үсік байқалуы ықтимал.
Қазгидрометтің мәліметінше, тамыз айында бұршақ сирек жауады, найзағай шілдеге қарағанда аз болады. Сондай-ақ жаздың басымен салыстырғанда құрғақшылық пен аңызақ желдің ықтималдығы төмендейді.