Қазақстанда полицияның есебінде 5 500 кәмелетке толмаған бала тұр. Ал қолайсыз отбасыларда 3,3 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиында депутат Екатерина Смолякова полиция есебінде тұрған және қиын отбасылық жағдайда өмір сүріп жатқан балаларға қолдау көрсету мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында полицияның есебінде тұрған отбасылардағы балаларға тәлімгер бекіту жоспарланған. Қазір мұндай отбасыларда 11 мыңнан астам бала бар.
Депутаттың мәліметінше, елдегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының 1,5 пайызы, ал суицид жағдайларының 2 пайызы осындай отбасыларда тіркеледі. Сондықтан бұл санаттағы балаларға қосымша қолдау көрсетіп, оларға ерекше назар аудару қажет.
Алайда депутат Оқу-ағарту министрлігінің есептерінде нысаналы топтардың аражігі шатастырылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, тәлімгерлік тек құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға ғана бекітілген. Ал қиын отбасылық жағдайда өмір сүріп жатқан балалар – тәуекел факторлары бөлек басқа санат.
Сондай-ақ депутат мониторинг нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдердің 30 пайызы өздеріне тәлімгер бекітілгенін білмейтінін жеткізді. Осыған байланысты ол министрліктен осындай отбасылардағы балалармен жұмыстың қашан басталатынын және тәлімгерлердің көмегі қалай бақыланатынын сұрады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл екі санаттағы балалармен жұмыс бөлек жүргізілетінін айтты.
Қазір полиция есебінде тұрған 5 500 кәмелетке толмаған бар. Ал қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны 3,3 мыңға жеткен, – деді министр.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармалары үйлестіреді. Сонымен қатар әкім орынбасарлары басқаратын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар бақылау жүргізіп, есеп береді.
Министрлік биыл Жамбыл, Атырау, Жетісу және Қызылорда облыстарында көшпелі отырыстар өткізген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Сондай-ақ министр тәлімгерлерді іріктеу және балалармен жеке жұмыс жүргізу тәртібіне қатысты бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленгенін атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Балабақшалардағы зорлық-зомбылық: Қанша басшы жауапқа тартылғаны анықталды