Қазақстанда 2024-2026 жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 42 дерегі тіркелген. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның 37-сі жекеменшік балабақшаларда болған. Ал 36 жағдайда құқық бұзушылыққа тәрбиешілердің қатысы анықталған.
Министрдің айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен әдепке жат әрекеттерді ерте анықтау үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бірыңғай құралдар енгізу жоспарланып отыр.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың маусымында балаларға қатысты зорлық-зомбылық анықталған кездегі әрекет ету алгоритмі мен тетіктерін бекіттік, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның мәліметінше, заңнамада балалардың құқықтарын қорғау талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-1-бабына сәйкес, балаға қатысты құқық бұзушылық туралы біле тұра тиісті шара қолданбаған тұлғалар жауапқа тартылады.
Сонымен қатар заңнамада балалардың құқықтарын қорғау талаптарын орындамағаны үшін 71 тұлғаға айыппұл салынды. Атап айтқанда, құқық бұзушы туралы кодекстің 127-1-бабына сәйкес, балаға қатысты құқық бұзу жайлы біле тұра тиісті шара қолданбаған тұлғалар жауапқа тартылады, – деді министр.
Сондай-ақ балабақша басшыларының балаларға қатысты жағдайларға тиісті назар аудармауы үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы норма бойынша бүгінге дейін 135 балабақша басшысы жауапқа тартылған.
Бұдан бөлек, министрлік тәрбиешілердің психологиялық даярлығын арттыру және біліктілігін жетілдіру бағытындағы жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр.