Қазақстанда медицина қызметкерлерін заңнамалық және қаржылық тұрғыдан қолдауға бағытталған жаңа жүйе толық іске қосылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сұлтанғазиевтің сөзінше, 2023 жылы Мемлекет басшысы медицина мен фармацевтика саласы қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіз жұмыс істеуіне кепілдік беретін заңға қол қойған болатын. Қазір оның нақты нәтижелері байқала бастады.
Медицина қызметкерлерін қолдау қалай жүзеге асып жатыр?
- 190 мыңнан астам маманның кәсіби жауапкершілігі сақтандырылды. Бұл — дәрігерлерді қызмет барысында туындайтын түрлі қауіптен қорғаудың маңызды тетігі.
- 254 тапшы маман ауылға барып, 8,5 млн теңгеден (100 ЕТЖ) біржолғы көтерме төлем алды. Бұл қолдау кемінде 5 жылдық өңірлік жұмыс шартымен берілді.
- Біліктілік жүйесі жаңартылды. 50 мыңға жуық дәрігер жаңа біліктілік деңгейін алып, қосымша үстемақыға ие болды.
- “Мейіргер ісі” бойынша орта және жоғары білімді мамандарға жұмыс өтіліне сәйкес баламалы біліктілік деңгейі сақталды.
Үздіктер марапатталды
“Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” құрметті атағы 8 үздік маманға берілді. Олардың әрқайсысы 1000 АЕК (шамамен 3,5 млн теңге) көлемінде ақшалай сыйақы алды.
“Мамандығы бойынша үздік” республикалық байқауының 17 жеңімпазы — 500 АЕК (шамамен 1,7 млн теңге) көлемінде сыйақымен марапатталды.