Елімізде көмір генерациясын дамытуға кемінде 7,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ

Ұлттық жоба аясында сегіз жаңа энергия көзін салу және қолданыстағы 11 нысанды жаңғырту жоспарланған.

 Үкіметтің баспасөз қызметі 20 Тамыз 2026, 08:55
20 Тамыз 2026, 08:55
180
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы жүзеге асырылады. Жоба Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмалары аясында Үкіметпен бекітілді.

Бағдарлама энергияны көп қажет ететін салаларды дамытуға және электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлттық жоба аясында бес түрлі қаржыландыру тетігі арқылы кемінде 7,5 трлн теңге бюджеттен тыс инвестиция тарту көзделіп отыр.

Жобаның негізгі міндеттері – жаңа энергия нысандарын салу, қолданыстағы стансаларды жаңғырту, саланың кадрлық әлеуетін нығайту, тұрақты қаржыландыру тетіктерін қалыптастыру және көмір энергетикасына арналған ұзақмерзімді отын-логистика жүйесін құру.

Ұлттық жоба аясында сегіз жаңа энергия көзін салу және қолданыстағы 11 нысанды жаңғырту жоспарланған. Көкшетауда қуаты 240 МВт, Семей мен Өскеменде 360 МВт-тан, Жезқазғанда 500 МВт жылу электр орталықтарын салу көзделген. Сондай-ақ Қарағандыда 180 МВт, Екібастұзда 350 МВт жылу электр стансалары, Курчатовта 700 МВт және Екібастұзда 2 640 МВт конденсациялық электр стансалары бой көтермек.

Бірқатар жобаны іске асыру басталып кетті. Көкшетауда электр қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатын жаңа ЖЭО салынып жатыр. Нысан қаланың жылу энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.

Семейде 2026 жылғы сәуірде ЖЭО-3 құрылысы басталды. Жоба қаладағы жылу тапшылығын, соның ішінде оң жағалаудағы тапшылықты азайтып, шамамен 320 мың тұрғынды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы Көкшетау мен Семейдегі жаңа жылу көздері екі қаладағы 500 мыңға жуық тұрғынды сенімді жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Екібастұздағы ГРЭС-3 және Курчатовтағы ГРЭС құрылысы жобаларын жүзеге асыратын компаниялар да анықталды. Қазіргі уақытта құрылысты бастауға қажетті техникалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Ұлттық жоба қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғыртуды да қамтиды. Ақсу ГРЭС-і, Екібастұз ГРЭС-2, сондай-ақ Шахтинск, Топар және Қарағандыдағы стансалар жаңартылады. Екібастұз ГРЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергоблоктарды салу жоспарланған. Оларды тиісінше 2028 және 2030 жылдардан кешіктірмей пайдалануға беру көзделіп отыр.

Жаңа технологияларды енгізу жабдықтардың тозуын азайтып, экологиялық шығарындыларды төмендетуге және энергетика саласының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Наверх