Қазақстанда кейбір валюталық депозиттердің мөлшерлемесі көтеріледі

28 Қыркүйек 2026, 17:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қыркүйек 2026, 17:30
28 Қыркүйек 2026, 17:30
175
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда мерзімі 12 айдан асатын валюталық жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтеріледі. Бұл туралы BAQ.KZ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКҚ) сілтеме жасап хабарлайды.

Өзгеріс жеке тұлғалардың валюталық депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді кезең-кезеңімен ырықтандыру аясында енгізіліп отыр. Жаңа шекті мөлшерлемелер 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған депозиттерге ғана қолданылуы мүмкін.

ҚДКҚ мәліметінше, шекті мөлшерлемелер банктер үшін ұсынымдық сипатқа ие. Әр банк өз депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемесін дербес белгілейді.

Бұл ретте мерзімді және мерзімсіз депозиттер, сондай-ақ мерзімі 12 айды қоса алғанға дейінгі жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме өзгеріссіз қалады. Ол жылдық 1 пайыз деңгейінде сақталады.

ҚДКҚ бұл шешімге Ұлттық банктің депозиттер нарығын долларсыздандыру саясатының нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, депозиттердің долларлану деңгейі 2015 жылғы 80 пайыздан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19,2 пайызға дейін төмендеген.

Сонымен қатар макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы және бір жылға жуық уақыт бойы теңгенің нығаю үрдісінің байқалуы Ұлттық банк пен ҚДКҚ-ға валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеу тәсілдерін кезең-кезеңімен ырықтандыруға мүмкіндік берген.

Валюталық депозиттер бойынша кепілдік берілетін ең жоғары өтемақы мөлшері өзгеріссіз қалады. ҚДКҚ әр банктегі әрбір салымшының жинағына заң жүзінде кепілдік береді. Оның мөлшері:

  • теңгедегі жинақ депозиттері бойынша сыйақыны қоса алғанда, 20 млн теңгеге дейін;
  • теңгедегі өзге депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша сыйақыны қоса алғанда, 10 млн теңгеге дейін;
  • АҚШ доллары, еуро және өзге де шетел валютасындағы депозиттер, карталар мен шоттар бойынша сыйақыны қоса алғанда, 5 млн теңгеге дейін.

Қордың мәліметінше, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу банктер арасындағы бәсекелестікті ынталандыруға, банк секторында жүйелік тәуекелдердің жинақталуына жол бермеуге және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 20 банк қатысады.

Наверх