Қазақстанда кедейлік шегі басқаша анықталады

15 Наурыз 2023, 15:20
2122
Бөлісу:
Қазақстанда кедейлік шегі басқаша анықталады
Фото: Алау-ТВ

Қазақстанда енді кедейлік шегі медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырып, ондағы негізгі жаңалықтарға тоқталды.

Әлеуметтік кодекстің екінші новелласы – атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту.

Министр екі негізгі мәселеге назар аударуды ұсынды.

Бірінші, атаулы шаралар цифрлық карта негізінде анықталып, отбасының статусына қарай көрсетіледі. Мысалы, цифрлық картадан көпбалалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болу ықтималдығы жоғары екенін көрдік. Сол себепті балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, қосымша атаулы шаралар қарастырылды, - деді министр.

Оның ішінде мыналар бар:

- жыл басында енгізілген бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту;

- атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған пакетті монетизациялау;

- көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін саралау және оларға «наградталған аналар» деген жаңа мәртебе беру;

- әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту.

Тағы бір маңызды өзгеріс – атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады. Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді. Ұйымға кіретін 8 мемлекет осы тәсілді пайдаланады. Бүгінгі таңда АҚШ-та кедейлік шегі медиандық кірістің 40 пайызына, Канадада 50, ал Еуроодаққа кіретін елдерде 60 пайыз, - деп айтты Тамара Дүйсенова.

Министр бұл тәжірибе Қазақстанда 2025 жылдан бастап енгізілетінін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы