Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда ипотека мөлшерлемесі қашан және қалай төмендейді

18 Маусым 2025, 10:25
1316
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Қазақстанда ипотека бойынша мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға дейін төмендету нормасының күші уақытша тоқтатылды. Тиісті қаулы жобасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің порталында жарияланды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Агенттік мәліметінше, ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақының ең жоғары мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы тармақтың қолданылуы 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатылды.

Бұл банктерге жүйелерін баптауға, ипотека шарттарын қайта қарауға, ішкі құжаттар мен жарнаманы жаңартуға дайындалу үшін уақыт беру мақсатында жасалып отыр, – деп хабарлады агенттік.

Бұған дейін Halyk Bank пен Банк ЦентрКредит ипотека шарттарын қайта қарау үшін тұрғын үй қарыздарын беруді уақытша тоқтатқан болатын.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, екінші деңгейлі банктерде ипотеканың жылдық тиімді сыйақысын төмендету банк секторы үшін үлкен тәуекел тудырмайды.

20%-дық ипотека базалық мөлшерлемеден жоғары және оның кепілзаты бар. Сондықтан банктер тәуекелге салынатын бірнеше пайыз маржасынан бас тарта алатындықтан ипотека беруді тоқтатпайды, – деді ол.

Алайда Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының айтуынша, банктер үшін қазақстандықтарға 20%-дан төмен мөлшерлемемен ипотека беру тиімсіз. Сондықтан олар несиелеу талаптарын өзгерте бастайды. Мәселен, бастапқы жарна көлемін ұлғайтуы немесе үйдің салынған жылына қатаң талаптар қоюы мүмкін.

Әсіресе, құрылыс компанияларымен бірлескен ипотекалық бағдарламалар мен мемлекеттік субсидиялар қолданылмайтын екінші нарықтағы үйлерді ипотекаға рәсімдеуде қиындықтар тудырмақ.

Аймақтарда екінші нарықтағы тұрғын үйге арналған нарықтық ипотека көлемінің қысқару қаупі жоғары болуы мүмкін. Себебі бұл өңірлерде Астана мен Алматыда секілді белсенді түрде тұрғын үй құрылысы салынбайды. Сондықтан өңір тұрғындары үшін екінші нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігі аса маңызды. Бұл дегеніміз – мұндай аймақтар үшін ықтимал тәуекелдер де жоғары болады, – дейді сарапшылар.

Енді биылғы 1 қарашаға дейін бұрынғы шекті мөлшерлемелер қолданыста қала береді:

  • екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар беретін банктік қарыздар бойынша – 46% ;
  • кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша – 35%;
  • ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша – 25%;
  • микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша – 46%;
  • микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде беретін микрокредиттер бойынша күніне 0,3 пайыздан аз, бірақ 179 пайыздан аспайтын мөлшерде болып айқындалған.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 16 маусымнан бастап ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20%-ға төмендейтінін айтқан.

Өзгелердің жаңалығы