Қазақстанда ерекше балаларға арналған 20 мектеп салынады: Қай өңірлерде маман тапшы?

16 Қараша 2026, 11:06
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 16 Қараша 2026, 11:06
16 Қараша 2026, 11:06
109
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 20 жаңа үлгідегі арнайы мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар елімізде осы санаттағы балалармен жұмыс істейтін 3 008 арнайы маман жетіспейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала бар. Оларға тәрбие беру және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 541 арнайы ұйым мен 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді, - деді министр.

Алайда Сүлейменова салада маман тапшылығы әлі де өзекті екенін айтты. 

Ең жоғары қажеттілік Астана қаласында – 530, Алматы қаласында – 305, Түркістан облысында – 300, Маңғыстау облысында – 219 және Алматы облысында – 209 маман. Бұл мәселені шешу үшін 9 колледжде 500 логопед, ал 6 колледжде 200-ден астам педагог-ассистент даярланып жатыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау аясында алдағы үш жылда өңірлерде жаңа үлгідегі 20 арнайы мектеп салу көзделген.

Биыл қыркүйекте 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі ведомствоаралық кешенді жоспар қабылданды. Құжат аясында министрлік инклюзивті білім берудің қолжетімділігін арттырумен қатар, әр баланың жеке қажеттілігіне сай қолдау көрсетуге басымдық беріп отыр, – деп айтты Оқу-ағарту министрі.

Осы бағытта білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы кабинеттер ашу жоспарланған. Онда сабақ өткізуге, сенсорлық реттеуге және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған аймақтар қарастырылады.

Сондай-ақ жүктемесі жоғары өңірлер мен шалғай аудандарда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, бір ПМПК ашу нормативін 50 мың баладан 30-40 мың балаға дейін төмендету көзделген.

Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдары Алматы қаласында, Абай және Қостанай облыстарында бір-бір мектептен педагогикалық бақылауға негізделген инклюзивті білім беру моделін пилоттық жоба ретінде енгізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге оқушылар, педагогтер, ата-аналар мен қоғам арасында әр баланы қабылдау, құрметтеу және тең мүмкіндік беру қағидаттарына негізделген инклюзивті мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру саласында да жаңа талап енгізілді. Биылдан бастап балаларға арналған білім беру-сауықтыру ұйымдарын міндетті лицензиялау жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде 170 ұйымның 134-і лицензия алған.

2026 жылы 3,3 миллион бала жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылды.

Айта кетейік, Қазақстанда соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға тиісті қолдау көрсетілді.

Тағы оқи отырыңыз: 7 млн баланың болашағына 1,3 трлн теңге: «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қалай жүзеге асып жатыр? 

Наверх