Қазақстанда соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға тиісті қолдау көрсетілді. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінде 7 миллионға жуық бала тұрады. Бұл – ел халқының үштен бірі. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады
Динара Зәкиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау саласында бірқатар маңызды реформа жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылып, «Келешек» жүйесі енгізілді. Соңғы бес жылда елімізде 1000-нан астам мектеп салынды. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып, 54 оңалту орталығы ашылды, - деді ол.
Бұдан бөлек, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты 11 заң қабылданып, қажетті жүйелер мен инфрақұрылым қалыптастырылды. Өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар ашылды.
Балалар мен отбасылардың қиын жағдайға тап болғанын ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсету үшін цифрлық құралдар да енгізілген. Мобильді топтар мен 160 Отбасын қолдау орталығының жұмысына FSM Social жүйесі қосылды. Сондай-ақ 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы ашылып, әр мектепте балалардың көмекке жүгінуіне арналған QR-код енгізілді.
Мектептерде «Балажан» платформасы да іске қосылды. Ол арқылы психологиялық қызметтер балаларға төнуі мүмкін қауіптерді анықтап, қажетті көмек көрсетеді. Ал уәкілетті органдар осы бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстайды.
Осы тетіктердің барлығы соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам баланы уақтылы анықтап, оларға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Әр санның артында баланың тағдыры тұр, – деді Динара Зәкиева.
Сонымен қатар мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізіліп, балалардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіруге бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы қабылданды.
Динара Зәкиева балалардың құқықтарын қорғау саласындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын да атады.
Тұжырымдама әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларындағы балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың қолданыстағы тетіктерін бір жүйеге біріктіреді.
Құжатта 158 іс-шарадан тұратын жоспар қарастырылған. Оны әзірлеу барысында балаларға қатысты барлық салаға талдау жүргізіліп, 70-тен астам жүйелі мәселе мен міндет анықталған.
Жоспар аясында баланың бірыңғай цифрлық маршрутын енгізу, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымның 44-ін күрделі жөндеуден өткізу көзделген.