Қазақстанда билік жүйесі қалай өзгереді? Парламент үш ірі реформаны мақұлдады

Жаңа реформалар Вице-президент институтын енгізуді, Парламенттің Құрылтай болып қайта құрылуын және сайлау рәсімдерінің өзгеруін көздейді.

Кеше 2026, 13:03
АВТОР
 Мәжілістің баспасөз қызметі Кеше 2026, 13:03
Кеше 2026, 13:03
578
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында елдің саяси жүйесіне тікелей әсер ететін үш маңызды конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттар:

  • «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын;
  • «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын;
  • «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарады.

Президент туралы жаңа заң: Вице-президент институты енгізіледі

Бірлескен отырыста Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды.

Министрдің айтуынша, құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мақсатында әзірленген.

Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Оның сөзінше, заң жобасы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын одан әрі дамытады. Құжат 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Онда Президенттің мәртебесі, қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі, лауазымдық шектеулер мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктері қамтылған.

Министр 2022 жылы енгізілген суперпрезиденттік басқарудан бас тарту қағидаттары өзгеріссіз сақталғанын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі, жақын туыстарына қатысты шектеулер және Мемлекет басшысының партиясыз болуы туралы нормалар күшінде қалады.

Заң жобасында алғаш рет Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері жеке баппен бекітіледі. Сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты өкілеттіктер де нақтыланады. Президент омбудсменді тағайындап, оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды.

Министрдің айтуынша, бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді.

Заң жобасының ең басты жаңалығы – Вице-президент институтының енгізілуі. Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, Вице-президент Президенттің ұсынуымен және Құрылтай келісімі арқылы тағайындалады. Кандидаттарға қойылатын талаптар, өкілеттігін тоқтату негіздері мен лауазымдық шектеулер заңда нақты көрсетіледі.

Вице-президент немен айналысады?

Вице-президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету, – деді министр.

Сондай-ақ Вице-президенттің қызметін Мемлекет басшысының Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Ал Құрылтай уақытша жұмыс істемеген жағдайда Президенттің конституциялық заң немесе заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған.

Заң жобасының 5-тарауы жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ал 6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді. Нормалар жаңа Конституцияға сәйкестендіріліп, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясына және «мемлекеттік саяжайға» қатысты ережелер алынып тасталған.

Қазақстан Республикасы – әділеттілік, заңдылық және адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген мемлекет. Ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Парламенттің орнына Құрылтай: Жаңа заң жобасы нені өзгертеді?

Бірлескен отырыста депутат Айдос Сарым «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды.

Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – бірпалаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негізін бекіту.

Айдос Сарым Құрылтай ұғымының тарихи маңызына да тоқталды.

Бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы және бұқара елдің мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін келелі де киелі жиын болды, – деді депутат.

Ол Қазақ хандығы кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дәл осы Құрылтайда талқыланғанын еске салды.

Заң жобасына сәйкес, қазіргі Парламент жүйесі Құрылтай ұғымымен ауыстырылады. Алайда депутат қазіргі Құрылтай тарихи институттың көшірмесі емес екенін айтты.

Қазіргі Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мәнге ие заманауи институт, – деді ол.

Құрылтай бір палатадан тұрады және оның құрамына 145 депутат сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Айдос Сарымның айтуынша, әлемде бірпалаталы парламент моделіне көшу үрдісі күшейіп келеді. Себебі мұндай жүйе саяси жауапкершілікті арттырып, заң шығару процесін жеңілдетеді.

Бір палаталық жүйе институционалдық инерцияны төмендетеді, өйткені заң жобалары бір жерде қаралады және жауапкершілік палаталар арасында шашырамайды, – деді депутат.

Заң жобасында Құрылтайдың заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау жүргізу құзыреттері бекітіледі. Сонымен қатар сессиялар, тыңдаулар, үкімет сағаттары, комитеттер мен комиссиялардың жұмысы реттеледі.

Құжатта депутаттардың құқықтары мен міндеттері де нақты көрсетілген. Оның ішінде депутаттық бірлестіктер, парламенттік көпшілік пен оппозиция, депутаттық әдеп қағидалары қамтылған.

Айдос Сарымның сөзінше, Құрылтай Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болады. Заң жобасы қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар қазіргі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңдардың күші жойылады.

Тағы оқи отырыңыздар: Айдос Сарым жаңа партия жайлы: Қарсылас ретінде қарамаймыз 

Сайлау туралы заңға қандай өзгерістер енгізіледі?

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістерді таныстырды.

Оның айтуынша, түзетулер өткен сайлау науқандары барысында анықталған мәселелерді шешуге бағытталған.

Жаңа нормаларға сәйкес, әкімдікке кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізеді.

Сонымен қатар бір адам бір уақытта мәслихат депутаттығына және әкімдікке кандидат бола алмайды. Бірнеше округ бойынша әкімдікке кандидат ретінде тіркелуге де тыйым салынады.

Заң жобасында онлайн-платформалардағы үгіт жұмыстарына ерекше назар аударылған. Кандидаттарға интернет алаңдарында тең мүмкіндік беріледі. Ал партия атынан ұсынылған кандидаттар партияның ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын қосымша келісімсіз пайдалана алады.

Сондай-ақ кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынады.

Сенімді тұлғаларға қойылатын талаптар да күшейтіледі. Енді тек 18 жасқа толған Қазақстан азаматы ғана сенімді тұлға бола алады. Бұдан бөлек, ол Президенттікке, депутаттыққа немесе әкімдікке кандидат болмауы тиіс.

Сайлау комиссиялары мүшелеріне қатысты талаптар да қатаңдайды. Сыбайлас жемқорлық немесе ауыр қылмыс үшін сотталған азаматтар комиссия құрамына кіре алмайды. Егер комиссия мүшесі заң бұзса, оған ескерту беріледі, ал алты ай ішінде заңбұзушылық қайталанса, өкілеттігі тоқтатылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, вахталық әдіспен жұмыс істейтін орындарда және арнайы жабық мекемелерде сайлау учаскелерін құру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Серік Жұманғариннің айтуынша, ұсынылған өзгерістер сайлау процесінің ашықтығын арттыруға, қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және барлық рәсімдердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева заң жобасына Парламент палаталары депутаттары мен комитеттерінен бірқатар жаңа ұсыныстар түскенін айтты. Оның сөзінше, түзетулер сайлау өткізу кезіндегі рәсімдерді нақтылауға және сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Депутаттардың түзетулері сайлау комиссияларының жұмысына, сайлауалды үгіт жүргізудің тәртібі мен орындарын нақтылауға, азаматтардың дербес деректерін қорғауға, сайлаушылардың өздері туралы мәліметтермен танысуына және басқа да мәселелерге қатысты, – деді Снежанна Имашева.

Сонымен қатар ол Конституциялық заңдарға енгізілетін түзетулер бір палаталы Құрылтайды құруға, пропорционалды сайлау жүйесіне көшуге, Президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге, Қазақстан Халық Кеңесі мен Вице-президент институтын енгізуге, сондай-ақ Конституциялық сот пен Жоғарғы Соттың мәртебесін нақтылауға бағытталғанын атап өтті.

Бұл ұсыныстардың барлығы екінші оқылымға дейін қаралатын болады, – деді комитет төрағасы.

Еске салсақ, Парламент Президент туралы Конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат бойынша комиссия құрамы бекітілді.

Белгілі болғандай, Құрылтай жұмысын 1 шілдеден бастауы мүмкін. Оған депутаттар пропорционалдық жүйемен сайланады.

Сондай-ақ, депутаттар Құрылтайға қатысты заңды мақұлдады.

Наверх