Құрылтай жұмысын 1 шілдеден бастауы мүмкін

Құрылтай депутаттары пропорционалдық жүйемен сайланады.

Бүгiн 2026, 11:01
АВТОР
 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 11:01
Бүгiн 2026, 11:01
398
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Парламент платаларының бірлескен отырысында депутат Айдос Сарым «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – бір палаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негізін бекіту.

Айдос Сарым Құрылтай ұғымының тарихи мәніне де тоқталды. Оның сөзінше, бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы болып, маңызды мемлекеттік шешімдер дәл осы жиында қабылданған.

Қазақ хандығы заманында “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы”, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” билердің, халықтың қатысуымен дәл осы Құрылтайда талқыланып қабылданған, – деді депутат.

Осы тарихи негізді ескере отырып, қазіргі мемлекеттік жүйеде «Парламент» атауын “Құрылтай” ұғымымен алмастыру ұсынылып отыр.

Сонымен бірге депутат заманауи Құрылтай тарихи құрылымды сол күйінде қайталау емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мазмұнға ие болады.

Заң жобасына сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Депутаттар пропорционалдық жүйе бойынша сайланып, олардың өкілеттік мерзімі бес жыл болады.

Айдос Сарым әлемдік тәжірибеде де бір палаталы парламент моделіне көшу үрдісі байқалатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай жүйе қоғамның саяси динамикасын толық көрсетіп, заң шығару процесінің ашықтығы мен саяси жауапкершілікті күшейтеді.

Парламенттің бір палаталық жүйесі институционалдық инерцияны төмендетеді, өйткені заң жобалары бір жерде қаралады және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік палаталар арасында шашырамайды, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл модель саяси процесті қоғам үшін түсініктірек етіп, Құрылтай депутаттарының жеке әрі партиялық жауапкершілігін арттырады.

Заң жобасында Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, қызмет қағидаттары, құрылымы, қалыптастыру тәртібі және өкілеттіктерін жүзеге асыру тетіктері нақты айқындалған.

Сондай-ақ Құрылтайдың заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау жүргізу өкілеттіктері белгіленеді.

Құжатта Құрылтай қызметінің ұйымдастырушылық нысандары да қамтылған. Атап айтқанда, сессиялар, отырыстар, парламенттік тыңдаулар, үкімет сағаттары өткізу тәртібі қарастырылған. Сонымен бірге Төраға, Бюро, комитеттер мен комиссиялардан тұратын құрылым жүйесі реттеледі.

Бұдан бөлек, заң жобасында Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл тетіктері, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері белгіленген. Оның ішінде депутаттық бірлестіктер құру, парламенттік көпшілік пен оппозиция институттары, депутаттық әдеп қағидалары қамтылған.

Заң жобасындағы маңызды нормалардың бірі – Құрылтайдың Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болып танылуы.

Егер заң қабылданса, қазіргі Мәжіліске енгізілген заң жобаларын Құрылтай жаңа Конституциялық заң мен Құрылтай регламентіне сәйкес қарайды.

Құжат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы Конституциялық заң мен «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» 1997 жылғы заңның күші жойылады.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы алдағы құрылтай сайлауын өткізуге қанша қаржы жұмсалатынын айтқан еді.

Наверх