Қазақстанда Азаматтық кодекс өзгереді: Пәтер, көлік және келісімшарттарға қатысты не жаңарады?

Заңгерлер жаңа кодексте шешілуі тиіс үш мәселені атады. Өзгерістер әр азаматтың мүліктік құқығы мен күнделікті мәмілелеріне әсер етуі мүмкін.

10 Қараша 2026, 11:52
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 10 Қараша 2026, 11:52
10 Қараша 2026, 11:52
131
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Пәтер немесе көлік сатып алу, мұрагерлік, қарыз алу және түрлі келісімшарттар жасау. Мұның бәрі Азаматтық кодекспен реттеледі. Мемлекет басшысы оны жаңадан әзірлеуді тапсырды. Заңгерлердің пікірінше, жаңа құжатта азаматтар мен бизнес үшін қандай өзгерістер қарастырылуы керек?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Қазақстан халқына Жолдауында көтерген болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, қолданыстағы кодекс 1990 жылдары, өтпелі экономика жағдайында, цифрлық технологиялар әлі дамымаған кезеңде қабылданған.

Сондықтан болашақ экономикасына біртіндеп көшуге негіз болатын жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Соледад Дюсебалиева жаңа кодекстегі ең басты мәселе меншік құқығы мен келісімшарттарды қорғау болуы керек деп есептейді.

Азаматтар күн сайын жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасайды, автокөлік сатып алады, мүлкін мұраға қалдырады, қарыз рәсімдейді және түрлі келісімшарттарға қол қояды. Мұндай жағдайлардың барлығында мәмілені рәсімдеу тәртібі ғана емес, оған қатысушылардың құқықтық қорғалу кепілдіктері де маңызды, – дейді ол.

Сарапшы бұл мәселені баспана сатып алу мысалымен түсіндіреді.

Мәселен, жылжымайтын мүлік сатып алған адам өзінің меншік құқығы тиісті деңгейде қорғалатынына және келісімшарт талаптарының заңдық тұрғыдан нақты түсіндірілетініне сенімді болуы керек. Осындай кепілдіктер мүлікті мұраға қалдыру, қарыз міндеттемелерін орындау және мүліктік дауларды шешу кезінде де қажет, – дейді Соледад Дюсебалиева.

Оның пікірінше, жаңа кодекс мәмілеге адал қатысушылардың құқықтарын қорғап, бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің түсінікті тетіктерін қарастыруы қажет.

Меншік құқығын қорғаудың мықты жүйесі – құқықтық тұрақтылықтың, азаматтардың экономикалық сенімінің және елдің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі екеніне сенімдімін, – деп атап өтті заңгер.

Ал «Тұран» университеті Құқық жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Салима Сарина келісімшарт тараптарының мүмкіндіктері әрдайым бірдей бола бермейтініне назар аударды.

Азаматтық-құқықтық қатынастарға күн сайын жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, ұйымдар және басқа да субъектілер қатысады. Алайда олардың мүмкіндіктері мен құқықтық жағдайы әрдайым тең емес. Сондықтан заңнама тараптардың тек формалды теңдігін ғана емес, олардың заңды мүдделерін қорғаудың нақты кепілдіктерін де қамтамасыз етуі керек, – дейді ол.

Мұндай жағдайға ірі компаниямен келісімшарт жасасқан кез келген адам тап болуы мүмкін.

Мәселен, келісімшарт жасасу кезінде тараптардың бірі оның талаптарын айқындауда екіншісіне қарағанда әлдеқайда көп мүмкіндікке ие болуы ықтимал. Мұндай жағдайда құқықтық тетіктерді пайдалану арқылы теріс пайдаланушылықтың алдын алып, екінші тараптың мүдделерін тиісті деңгейде қорғау маңызды, – деп түсіндірді Салима Сарина.

Оның айтуынша, кодексте міндеттемелерді орындау тәртібі, олар бұзылған жағдайда кімнің және қалай жауап беретіні, сондай-ақ мүліктік құқықтарды қалпына келтіру жолдары нақты көрсетілуі қажет.

Менің ойымша, жаңа Азаматтық кодекс адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарына негізделіп, азаматтық айналымға қатысушылардың барлығына ортақ, тең әрі түсінікті ережелерді қамтамасыз етуі керек, – деп толықтырды сарапшы.

Ал Заңнама және құқықтық ақпарат институтының экономика салалары мен әлеуметтік сала заңнамасы бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) Маржанғұл Әкімжанова заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюды басты міндет санайды.

Тәжірибе көрсеткендей, тіпті жағдайлары ұқсас азаматтық-құқықтық қатынастардың тараптары келісімшарт талаптарын, өз міндеттемелерінің көлемін және оларды бұзудың салдарын әртүрлі түсіндіруі мүмкін. Мұның соңы қосымша дауларға, уақыт пен қаржы шығындарына әкеледі, – дейді ол.

Сарапшы көпшілікке таныс жағдайды мысалға келтіреді.

Мәселен, келісімшартты орындау кезінде бір тарап өз міндеттемесін орындадым деп есептесе, екінші тарап бұған мүлдем қарама-қайшы пікірде болуы мүмкін. Заң шығарушы мұндай жағдайлардың құқықтық салдарын неғұрлым нақты айқындаған сайын, белгісіздікке орын азаяды, – деп түсіндірді Маржанғұл Әкімжанова.

Оның пайымдауынша, жаңартылған азаматтық заңнама құқықтық ережелердің болжамдылығын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтады.

Азаматтық кодекс Конституцияда бекітілген құқықтарды жүзеге асыру тетігі

Азаматтық кодексті жаңарту Конституцияда бекітілген азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау тұрғысынан да маңызды. Өйткені Ата заңда әркімнің жеке меншігі болуына, кәсіпкерлік қызметпен айналысуына және өз құқықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік берілген. Ал Азаматтық кодекс осы конституциялық нормалардың күнделікті өмірде жүзеге асу тәртібін нақтылайды. Мәселен, баспана сатып алу, мұрагерлік мүлікті рәсімдеу, кәсіпкерлік келісімшарттар жасау немесе мүліктік дауларды шешу сияқты қатынастар азаматтық заңнамамен реттеледі. Сондықтан жаңа кодекс Конституция қағидаттарына қайшы келмей, керісінше, меншік құқығын қорғау, келісімшарт тараптарының теңдігін қамтамасыз ету және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерін жетілдіруге бағытталуы тиіс.

Мемлекет басшысы Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың соңына дейін қабылдайды деп күтетінін жеткізген болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Азаматтық кодексі жаңарып, халық пен бизнеске қандай мүмкіндік ашылатыны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз: «Экономикалық конституция». Жаңа Азаматтық кодекс қазақстандықтардың өмірі мен бизнес жүргізу шарттарын қалай өзгертеді?

Алаяқтықтан келген шығын: Жаңа Азаматтық кодексте не ескерілуі керек? 

Жаңа Азаматтық кодекс: Азаматтардың мүлкі мен цифрлық құқығы қалай қорғалады 

Наверх