Қазақстанның Азаматтық кодексі жаңарады: Халық пен бизнеске қандай мүмкіндік ашылады?

6 Қараша 2026, 16:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 6 Қараша 2026, 16:00
6 Қараша 2026, 16:00
185
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Қолданыстағы заңнамаға қандай өзгерістер енгізу керек? Жаңа кодекс қарапайым азаматтар мен бизнеске не береді? Келісімшарт еркіндігін кеңейте отырып, тұтынушылардың құқығын қалай қорғауға болады?

Осы және өзге де сұрақтарға PhD докторы, Maqsut Narikbayev University Құқық жоғары мектебінің профессоры Марат Ахмади BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

– Қазақстанға жаңа Азаматтық кодекс не үшін қажет? Қолданыстағы қандай нормаларды қайта қараған жөн?

– Қолданыстағы Азаматтық кодекс тәуелсіз Қазақстанда нарықтық экономиканың құқықтық негізін қалады. Ол меншік институтын, оған қол сұқпауды, азаматтық айналымға қатысушылардың теңдігін және келісімшарт еркіндігі сияқты негізгі қағидаларды бекітті. Бұл – Кодексті әзірлеген заңгерлердің үлкен еңбегі. 28 қазандағы Жолдауда жаңа Кодекс қабылдау міндеті қойылды. Меніңше, бұл міндетті орындаудың дұрыс жолы – тәжірибеде өзін ақтаған ережелерді сақтай отырып, жаңа заманның келешектің экономикасының қажеттіліктерін ескере отырып кодексті жүйелі түрде қайта жазу.

Меніңше, төрт бағытқа басымдық берген жөн. Біріншісі – жеке және жария құқықтағы заңды тұлғаларды ажырату, басқарушылардың жауапкершілігін нақтылау және корпорация қатысушыларының құқықтарын қорғау. Екіншісі – азаматтық құқық объектілерінің жіктелуін жетілдіру. Кодексті өтпелі кезең мен кеңес уақытынан қалған институттардан тазарту.

Үшіншісі – заттық құқықты қайтадан жүйелеу, иеленуді меншік құқығынан дербес қорғау, шектеулі заттық құқықтар жүйесін жетілдіру және шаруашылық жүргізу мен оралымды басқару құқықтарының қажеттілігін қайта бағалау. Төртіншісі – келіссөздерді адал жүргізу міндетін және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті нақтылау, мән-жайлар елеулі өзгергенде келісімшартты бейімдеу және міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру.

– Жаңа Кодекстің азаматтар мен бизнеске күнделікті өмірде пайдасы қандай болуы мүмкін?

– Азамат үшін меншік құқығын қорғау күнделікті өмірдегі ең маңызды мәселелердің бірі. Мысалы, пәтер сатып аларда мемлекеттік тіркелімдегі мәліметке қандай жағдайда сенуге болады? Кейін үшінші тұлға сол пәтерге құқық талап етсе, оны адал сатып алған адам қандай жағдайда қорғалады? Мұнда бастапқы меншік иесінің де, адал сатып алушының да мүддесі бар.

Кәсіпкер мен инвестор үшін басты нәтиже – құқықтық салдарды алдын ала болжай алу яғни құқықтық айқындық. Мәселен, жеткізуші міндеттемесін бұзса, сатып алушы қандай жағдайда оны орындауды талап ете алады, келтірілген залалды қалай өтетеді немесе келісімшартты қандай негізде бұза алады? Осындай ережелер айқын болса, кәсіпкер тәуекелін мәміле жасамай тұрып есептейді. Реформаның іс жүзіндегі нәтижесі осы ережелердің сотта бірізді қолданылуына және сот шешімдерінің орындалуына да байланысты.

– Келісімшарт еркіндігін кеңейте отырып, азаматтардың мүддесін қалай қорғаймыз?

– Келісімшарт еркіндігі қолданыстағы Кодекстің 380-бабында бекітілген. Бұл мәселеде тараптар өзара келісіммен өзгерте алатын ережелер мен бәріне бірдей міндетті талаптардың аражігін айқындау. Азаматтарымыз банктен кредит алғанда, көлік немесе құрылыс компаниясынан үй сатып алғанда дайын мәтін ұсынылады, оның талаптарын талқылау мүмкіндігі жоқ. Осы жағдайда қорғау тетігі күштірек болуы керек. Қолданыстағы 389-бап айқын ауыртпалық жүктейтін талаптары бар қосылу келісімшартын бұзуды талап етуге ғана мүмкіндік береді. Меніңше, тұтынушы келісімшартты сақтай отырып та қорғана алуы керек.

– Қай елдердің тәжірибесіне сүйенуге болады және жұмысты неден бастаған жөн?

– Жұмысты бірден Кодексті жазудан бастау дұрыс болмас деп ойлаймын. Алдымен жаңа Азаматтық кодекстің дербес тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Тұжырымдама азаматтық құқық мамандарының жан-жақты талқылауын қажет етеді. Онда қолданыстағы заңнаманың жетістіктері мен кемшіліктеріне жан-жақты баға берілуі керек. Қандай институттар сақталады, қайсысы жаңартылады және қандай жаңа ережелер қажет, қай елдердің тәжірибесі пайдаланылады – осының бәрі нақты айқындалуы керек. Содан кейін мәтінді қазақ және орыс тілдерінде қатар әзірлеп, әр кітапты ашық ғылыми талқылаудан өткізу қажет.

Қазақстан үшін азаматтық заңнаманы жаңартудың бірнеше үлгісін қатар зерделеген жөн. Германия 2002 жылы Кодекстің құрылымын сақтай отырып, міндеттемелік құқықты жаңартты, ал Франция 2016 жылы келісімшарт құқығын кең көлемде қайта қарады. Бельгия 2020 жылдан бері жаңа Кодекстің кітаптарын кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Чехия мен Венгрияның жаңа азаматтық кодекстері 2014 жылы күшіне енді. Кеңестік құқықтық мұраны қайта қарау тұрғысынан Балтық елдерінің тәжірибесі бізге ерекше жақын. Литва 2000 жылы жаңа Азаматтық кодекс қабылдаса, Эстонияда Міндеттемелік құқық туралы жеке заң 2002 жылы күшіне енді. Көршілеріміз ҚХР, Ресей мен Өзбекстанның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың мүлкін қорғауды күшейтіп, келісімшарттық қатынастардың сенімділігін арттыруы тиіс. Бұл үшін жекелеген түзетулер неге жеткіліксіз? Бұл туралы «КЭМОНТ» АҚ даму жөніндегі директоры Зоя Новолодская айтып берді.

Тағы оқи отырыңыз: Жаңа Азаматтық кодекс: Азаматтардың мүлкі мен цифрлық құқығы қалай қорғалады 

Алаяқтықтан келген шығын: Жаңа Азаматтық кодексте не ескерілуі керек? 

Наверх