Германияның машина жасау өнеркәсібінде жұмыс істейтін қызметкерлер жалақыны көтеруді талап етіп, ескерту ереуілдерін бастады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, дау 3,7 миллион жұмысшының еңбекақыны 5 пайызға арттыру талабына байланысты туындаған. Ал жұмыс берушілер автомобиль өнеркәсібіндегі дағдарыстың тереңдеуіне байланысты шығындарды қысқартуға мәжбүр екенін алға тартып отыр.
Алғашқы ереуіл жексенбі күні түн ортасында Thyssenkrupp компаниясының Rasselstein бөлімшесінде өтті. Оған кәсіпорынның шамамен 300 қызметкері және көршілес компаниялардың жұмысшылары қатысты.
IG Metall кәсіподағы жұмыс берушілердің ұсынысын қабылдамай, оны «теріс ұсыныс» деп атады. Жұмыс берушілер 2027 жылдың жазында жылдық жалпы жалақының 1 пайызы көлемінде біржолғы төлем жасауды, ал 2028 жылдың шілдесінен бастап еңбекақыны тағы 1,3 пайызға арттыруды ұсынған.
Кәсіподақ 12 ай ішінде жалақыны 5 пайызға көтеруді талап етіп отыр. IG Metall өкілдерінің мәлімдеуінше, алдағы күндері Гессен, Рейнланд-Пфальц, Саар және Тюрингия аймақтарында да ескерту ереуілдері өтеді.
Кәсіподақ өкілі Йорг Келингер Thyssenkrupp Rasselstein кәсіпорнындағы ереуіл алдағы ауқымды наразылық акцияларының бастамасы екенін айтты.