6,5 трлн теңге, үш жаңа әуежай және АЭС: Жолдаудан соң қандай жобалар іске асады?

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 3 Қараша 2026, 10:37
3 Қараша 2026, 10:37
250
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда 2027 жылды Халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау, негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы 12 бағытты қамтиды. Құжатта барлығы 96 іс-шара қарастырылған, оның 80-і Үкіметтің жауапкершілігіне жүктелген.

Инфрақұрылымдық жаңғыру бағыты аясында „Халықтық құрылыс“ даму жоспары бекітіледі. Сонымен қатар 2027 жыл Халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланады. Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді, – деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер қалалық ортаны жаңарту мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, ірі қалалардың ұзақ мерзімді даму ерекшеліктерін ескере отырып, қала құрылысы құжаттары әзірленіп, олардың цифрлық нұсқасы жасалады. Жалпыұлттық жоспар аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қаржы бөлу, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету де көзделген.

Көлік-логистика саласында елдің инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық беріледі. 2027 жылдың мамырында Зайсан, Қатон-Қарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған. Ал маусым айында ірі әлемдік компанияны тарта отырып, Астанада әуежай құрылысы басталмақ.
Сонымен қатар келесі жылдың соңына дейін «Бақты – Аягөз» теміржол желісін пайдалануға беру көзделген. Автомобиль жолдары саласында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Оның ішінде «Арал – Каспий» және «Көкшетау – Петропавловск» күре жолдары да бар.

Бұл – Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі, – деді министр.

Бұдан бөлек, барлық автомобиль өткізу бекетін толық қайта құру және зияткерлік көлік жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Жүк тасымалы электрондық құжаттарға көшіріледі.

Энергетика саласында негізгі міндеттердің бірі – тұрақты энергия артықшылығын қамтамасыз ету. Осы мақсатта жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту, «таза» көмір генерациясын және электр беру желілерін дамыту жұмыстары жалғасады.
Саладағы ұзақ мерзімді бағдар ретінде елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімі өзектендіріледі.

Атом энергетикасын дамытуға да ерекше назар аударылады. 2027 жылдың соңына дейін атом электр станцияларының жеке қажеттіліктеріне арналған уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру және «Мойынқұм» АЭС-і бойынша үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланған. Сонымен қатар энергетика саласына қажетті білікті мамандарды даярлау жұмыстары жүргізіледі.

Наверх