Жолдау-2026: Тоқаев айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құруды тапсырды

28 Қазан 2026, 11:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қазан 2026, 11:50
28 Қазан 2026, 11:50
205
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету үшін геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді және айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесін құруды ұсынды. Үкіметке осы мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты ұсыныс енгізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның минералдар мен шикізатқа бай болуы – ел үшін стратегиялық артықшылық. Алайда жаңа кен орындарын бұрынғы әдістермен іздеу тиімді емес. Сондықтан геологияны жоғары технологиялық сала ретінде дамыту қажет.

Мемлекет басшысы озық технологияларды пайдалана отырып, еліміздің жер қойнауын толық зерттеуге, геологиялық деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық беру керектігін атап өтті. Сондай-ақ жаңа кен орындарын іздеу мен барлау жұмыстарына жеке инвестицияларды белсенді тарту қажет екенін айтты.

Айрықша маңызды металдардың рөлі артып келе жатқанын ескеріп, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, олардың қорын тиімді басқарудың ұлттық жүйесін құру қажет, - деді Президент.

Бұл жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер қарастырылуға тиіс. Сонымен қатар осы бағытта жұмыс істейтін отандық кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарттар жасасу арқылы өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру қажет.

Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наверх