Қазақстанда әйелдердің жалақысы ерлерден 28%-ға төмен

Ерлердің орташа жалақысы 519 мың теңгеге жеткен.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 17:10
Бүгiн 2026, 17:10
154
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда ерлер мен әйелдердің жалақысы арасындағы айырмашылық ұлғайып келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген сарапшылардың есебіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында әйелдердің орташа жалақысы ерлердің табысынан 28,2%-ға төмен болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жалақы айырмашылығы ұлғайған?

2020 жылы әйелдердің жалақысы ерлердің табысының 75%-ын құраған болса, 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 71,8%-ға дейін төмендеген, деп жазады Finprom.kz.

Нәтижесінде әйелдердің орташа айлығы 372,8 мың теңге болса, ерлердің орташа жалақысы 519 мың теңгеге жеткен. Яғни әйелдер ерлерге қарағанда орта есеппен 28,2%-ға аз жалақы алған.

Қай салаларда айырмашылық жоғары?

2025 жылы білім беру саласынан басқа экономиканың барлық секторында ерлердің жалақысы әйелдерден жоғары болған. Әсіресе қаржы және сақтандыру қызметінде әйелдердің жалақысы ерлердің табысының 69,3%-ын ғана құраған. Ал жылжымайтын мүлік саласында бұл көрсеткіш 72,6% болған.

Керісінше, ең аз айырмашылық құрылыс саласында (97,7%) және әкімшілік әрі қосалқы қызмет көрсету саласында (96,3%) тіркелген.

Ұлттық статистика бюросының деректері салалардың ішкі бағыттарын да талдауға мүмкіндік береді. Әйелдердің пайдасына ең үлкен айырмашылық білім беру саласында байқалған. Балабақшаларда әйелдердің жалақысы ерлердің табысынан 41,9%-ға жоғары болса, бастауыш білім беру ұйымдарында - 20,1%-ға, мектептерде - 11,1%-ға жоғары болған.

Алайда сарапшылар бұл мамандықтардың жалақысы жалпы алғанда төмен екенін атап өтеді. Ал жоғары оқу орындарында керісінше, ерлер әйелдерге қарағанда 15%-ға көп жалақы алған.

Кейбір шығармашылық салаларда да әйелдердің жалақысы сәл жоғары болған. Мәселен, кино және бейнефильм өндірісінде бұл көрсеткіш 103,4%, телерадио хабарларын тарату саласында - 103,9%, құбыр көлігінде - 105,5% болған.

Ал жоғары табысты және технологиялық салаларда айырмашылық айқын сақталған. Баспа ісінде әйелдер ерлердің жалақысының небәрі 58,3%-ын алса, әуе жолаушылар тасымалында - 59%, компьютерлік бағдарламалау саласында - 66,5% ғана алған.

Өңірлердегі жағдай

Өңірлер арасында да айырмашылық айтарлықтай. Ең үлкен гендерлік алшақтық Маңғыстау облысында тіркелген. Мұнда әйелдердің жалақысы ерлердің табысының небәрі 47,5%-ын құраған. Атырау облысында бұл көрсеткіш 57,9% болған.

Сарапшылар мұны мұнай-газ сияқты жоғары жалақы төленетін салаларда ер адамдардың басым болуымен байланыстырады.

Ал жалақы айырмашылығы ең аз өңірлер қатарына Жетісу облысы (92,5%), Солтүстік Қазақстан облысы (85,5%) және Жамбыл облысы (85,1%) енген. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында әйелдердің жалақысы ерлердің табысының 75-82%-ы аралығында болған.

Зерттеуде гендерлік теңсіздіктің негізгі себептерінің бірі ретінде басқарушы лауазымдардағы жалақы айырмашылығы көрсетілген. 2025 жылы әйел басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер дәл сондай қызметтегі ерлерге қарағанда 30%-ға аз жалақы алған.

Өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларында жұмыс істейтін қызметкерлер арасында әйелдердің жалақысы ерлердің табысының 72,1%-ын, техникалық мамандар мен қосалқы персонал арасында 69,2%-ын ғана құраған. Өндірістік жабдық операторлары арасында бұл көрсеткіш 74,5% болса, қызмет көрсету және сауда саласында - 87,1%, біліктілігі төмен жұмысшылар арасында 83,6% болған.

Жоғары жалақы төленетін салаларда әйелдер аз

Сарапшылар жоғары табыс әкелетін салаларда әйелдердің үлесі аз екенін де атап өткен. Мәселен, 2025 жылы өнеркәсіп пен логистика саласында жұмыс істейтіндердің төрттен үші ер адамдар болған. Ал құрылыс саласында әйелдердің үлесі небәрі 14%-ды құраған.

Мемлекеттік басқару саласында әйелдердің үлесі 36,3%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында 24,8% болған. Соған қарамастан мемлекеттік қызметте әйелдердің жалақысы ерлерден 30%-ға төмен болып отыр.

Әйелдер көп жұмыс істейтін салалар

2025 жылы жұмыспен қамтылған әйелдердің ең жоғары үлесі білім беру (75,7%) және денсаулық сақтау (77,8%) салаларында тіркелген. Дегенмен дәл осы салалардағы жалақы елдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен.

Мысалы, 2025 жылы Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 444 мың теңгені құраса, білім беру саласында орташа жалақы 322,7 мың теңге болған. Бұл салада әйелдердің жалақысы ерлерден небәрі 1,5%-ға немесе шамамен 1,1 мың теңгеге ғана жоғары болған.

Оқи отырыңыз: 

Әкелер де декретке шыға алады. Қазақстанда жәрдемақыны кім алып жүр?

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр

Наверх