Қазақстанда алимент қарызы 18 млрд теңгеге жетті: Депутат дабыл қақты

Алиментке қатысты атқарушылық құжаттар бойынша жалпы берешек 18 миллиард теңгеге жетіп отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:25
Бүгiн 2026, 17:25
115
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мәжілістегі «Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов елдегі алимент бойынша берешектің айтарлықтай өскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сома 18 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Уәкілетті органдардың дерегіне сәйкес, алиментке қатысты атқарушылық құжаттар бойынша жалпы берешек 18 миллиард теңгеге жетіп отыр. Айта кету керек, бұл 18 млрд – мүлде төлемейтіндер немесе 3 айдан астам уақыт бойы төлем жасамағандар. Ал нақты жағдайды түсіну үшін айына бір рет немесе екі айда бір рет төлейтіндерді, сондай-ақ тиісті соманың ең төменгі бөлігін ғана төлейтіндерді де есепке алу керек. Сонда жалпы берешек бұдан екі есе көп болады, – деді депутат Мәжілістің пленарлық отырысында.

Ол алиментке мұқтаждардың үлесі салыстырмалы түрде аз – шамамен 4% екенін, бірақ бұл 300 мыңнан астам баланы қамтитынын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, фракцияға алимент бойынша сот шешімдерін орындауда қиындық көріп жүрген әйелдерден жиі шағым түседі.

Неліктен әйелдер сот шешімімен бекітілген құқықты қайта-қайта дәлелдеуге мәжбүр? – деді ол.

Қазақстан халық партиясының фракциясы Үкіметке мемлекеттік алимент қорын құру туралы ұсынысты қайтадан көтерді. Магеррамовтың сөзінше, мұндай тетік балаларға төлемді уақытылы беріп, кейін қарызды борышкерлерден өндіруге мүмкіндік береді.

Ол бұл бастама ата-аналарды қолдау емес, ең алдымен баланың құқығын қорғау екенін атап өтті.

Егер ата-ананың бірі өз міндетін орындамаса, мемлекет балаларды қорғауға міндетті, – деді депутат.

Қорды қаржыландыру көзі ретінде салықтық емес түсімдер, сондай-ақ заңсыз алынған активтерді қайтару есебінен қалыптастырылатын арнайы мемлекеттік қордың қаражаты ұсынылып отыр.

Еске сала кетейік, Алматы облысында алимент төлемегендерден 500 млн теңге өндірілді. 13 адамға қылмыстық іс қозғалып, 95 борышкер қамауға алынды.

Ал Шығыс Қазақстан облысында балаларға тиесілі ақшаны ұстап қалған сот орындаушысы қызметінен қуылды.

Белгілі болғандай, Қазақстанда шетелден алимент өндіріп алу тәртібі жеңілдетілді. Хаттама трансшекаралық жағдайларда алимент өндіріп алудың тиімділігін арттыруға және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.
Наверх