Қазақстан жерді қалпына келтіру ауқымы бойынша әлемде үшінші орынға шықты

 АШМ баспасөз қызметі 13 Қараша 2026, 09:28
13 Қараша 2026, 09:28
234
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Қазақстанда 8,13 млн гектар жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Қытай мен Моңғолиядан кейінгі үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл деректер БҰҰ-ның «Nature’s Comeback» атты алғашқы жаһандық баяндамасында келтірілген. Оны БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығы бірлесіп әзірлеген.

Қазақстан үздік үштікте

Баяндамаға сәйкес, қалпына келтіру шараларымен қамтылған жер көлемі Қытайда 127,4 млн гектарды, Моңғолияда 12,18 млн гектарды құрайды. Қазақстандағы көрсеткіш – 8,13 млн гектар немесе республика аумағының шамамен 3 пайызы.

Бұл көрсеткіш толық қалпына келтірілген жерді емес, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан аумақты білдіреді.

2,7 млн гектар тозған алқап анықталды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде топырақтың жай-күйін бағалау, тозған учаскелерді анықтау және жер мониторингіне цифрлық құралдарды енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді.

2025-2026 жылдары жердің тозу үдерістерін көрсететін электрондық карталармен 114 млн гектар аумақ қамтылған. Зерттеу нәтижесінде 2,7 млн гектар тозған ауыл шаруашылығы алқабы анықталды.

Жиналған деректер қалпына келтіруге басымдық берілетін учаскелерді белгілеуге, жердің тозуын болдырмау және топырақ құнарлылығын сақтау шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Топырақты қорғаудың заңнамалық негізі

2026 жылғы 8 шілдеде Қазақстанда «Топырақты қорғау туралы» заң қабылданды. Құжат топырақты зерттеу, қорғау және қалпына келтірудің құқықтық тетіктерін бекітеді.

Министрліктің хабарлауынша, заң жер ресурстарын жүйелі қорғауға негіз болады.

Өңірлерде қандай жұмыс атқарылады?

Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, топырақты қорғау жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеп жатыр.

Жоспарлар жердің тозу үдерістерінің алдын алуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіруге және олардың өнімділігін сақтауға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Наверх