Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Мирвахид Азимовпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен өңірлік экологиялық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Әлібек Қуантыров Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экологиялық шаралар және ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің салалық ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі бастамалар туралы баяндады.
Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық павильонында Стокгольм қоршаған орта институтының америкалық орталығымен (SEI US) жасалған меморандумның қол қойылған даналарымен алмасу рәсімі өтті.
Күн соңында министр Bloomberg халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Онда Қазақстанда спутниктік деректер негізінде метан шығарындыларын реттеу бағдарламасының іске қосылғаны айтылды. Бағдарлама мұнай-газ саласы нысандарындағы ірі метан жылыстауларын анықтап, оларды жою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.