Қазақстан СІМ басшысы Доха халықаралық форумына қатысты

27 Наурыз 2022, 03:29
1853
Бөлісу:
Қазақстан СІМ басшысы Доха халықаралық форумына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қатар тарапының шақыруы бойынша XX Доха халықаралық форумына қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Биылғы іс-шараға 600-ден астам делегация, оның ішінде үкімет, сыртқы саяси ведомстволар басшылары, халықаралық ұйымдар мен әлемдік сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен бизнесмендер қатысты. Биылғы форумның тақырыбы «Жаңа дәуірге арналған трансформация» болды және ол төрт негізгі тақырыпқа арналды – геосаяси альянстар мен халықаралық келісімдер, қаржы жүйесі мен экономикалық даму, кибернетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты даму мен климаттық өзгерістер.

Қазақстан СІМ басшысы Доха халықаралық форумына қатысты

Форум аясында М.Тілеуберді Қатар Мемлекеті Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман әл-Танимен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Тараптар соңғы бірнеше жылда екіжақты ынтымақтастықтың жанданғанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстан-Қатар өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын, атап айтқанда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуды талқылады. Осы тұрғыда Жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының жұмысын жандандырудың маңыздылығына назар аударды.

Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының қызметі аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды. СІМ басшылары сондай-ақ алдағы жоғары және аса жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестірді».

ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Мексиканың Сыртқы істер министрі Марсело Эбрардпен кездесіп, Қазақстан-Мексика ынтымақтастығын жандандыру мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Өзгелердің жаңалығы