«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпаздары марапатталды

30 Тамыз 2023, 12:33
904
Бөлісу:
«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: gov.kz

Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» сегізінші жыл сайынғы халықаралық байқауының жеңімпаздары Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған салтанатты рәсімде марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әзербайжан, Вьетнам, Испания, Италия, Канада, Малайзия, Өзбекстан және Эфиопиядан келген басылымдар мен репортаждардың авторлары туризм және АӨСШК санаттарын қоса алғанда, әртүрлі номинациялар бойынша үздік деп танылды. Жарияланымдар ҚР-ның жаһандық ілгерілеуі мен инвестициялық әлеуетін, мәдениетін, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі АӨСШК рөлін қоса алғанда, әртүрлі тақырыптарды қамтыды.

Жеңімпаздарды құттықтаған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко конкурсқа ұсынылған барлық жұмыстардың жоғары деңгейін және әртүрлі елдердің БАҚ өкілдер өтінімдерінің үнемі өсіп келе жатқанын атап өтті. Биыл қазылар алқасының қарауына әлемнің 40 елінен 70-тен астам материал келіп түсті.

Марапаттау рәсімі 2009 жылы ҚР бастамасымен БҰҰ жариялаған ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнімен тұспа-тұс келді. Өз сөзінде Р. Василенко Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы бастамаларының өзектілігін ерекше атап өтіп, іс-шара қонақтарына қазақстандық суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковты таныстырды. Осы іс-шара аясында Министрліктің фойесінде аталған суретші суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Еуропа мен Азия арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды нығайтудағы рөліне, елдің жаһандық ынтымақтастық пен экономикалық өзара іс-қимылды жолға қою жөніндегі күш-жігеріне егжей-тегжейлі тоқтады. Осы тұрғыда Қазақстан биылғы жылы «орта державалар» арасындағы диалогқа жәрдемдесетін, поляризация мен бұрын-соңды болмаған геосаяси сын-қатерлер дәуірінде «бейбітшілік, прогресс және ынтымақтастық үшін дауыстарды күшейтудің» жолсерігі бола отырып, Астана Халықаралық Форумын өткізуге бастамашы болғанын атап өтті.

Салтанатты шараға Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, АӨСШК әскери-саяси өлшем сарапшысы Елші Дулат Қуанышев, ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов, сондай-ақ Әзербайжан, Вьетнам, Испания, Италия, Канада, Малайзия және Өзбекстан елшілері мен дипломаттары қатысты.

Байқаудың барлық қатысушыларына алғысын білдіре отырып, Б. Жексенбай шетелдік БАҚ-та жарияланған Қазақстан туралы материалдар мемлекеттің шетелдегі имиджін ілгерілетуге жемісті әсер ететінін атап өтті. Д. Қуанышев өз кезегінде АӨСШК номинациясы бойынша екі жеңімпаздың жұмысын ерекше атап өтті және осы форумдағы қазіргі қазақстандық төрағалықтың басымдықтары туралы хабардар етті.

Өзбекстанның ҚР-дағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев қатысушыларды алдағы ҚР Конституциясы күнімен құттықтап, Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау ісіндегі ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Елші Орталық Азия елдеріндегі ауқымды реформаларды БАҚ-та объективті жариялаудың маңыздылығын атап өтіп, жаңа Қазақстанды құруда табыс тіледі.

Канадалық журналист Донован Маккензи Қазақстан мен Канада елдердегі этносаралық және дінаралық келісім, ірі державалармен көршілестік, белсенді және бастамашыл сыртқы саясат сияқты ортақ қасиеттерді біріктіретінін атап өтіп, елімізге белгіленген мақсаттарға қол жеткізуде табыс тіледі.

«The Voice of Vietnam» Вьетнам ұлттық радиосының тілшісі Суан Нгуен барлық қатысушылардың атынан Қазақстанға келу мүмкіндігі үшін ризашылығын білдіріп, екі ел халықтары арасындағы достықты нығайтуға және Қазақстанға туристік ағымды ұлғайтуға үміт артты.

Естелік жүлделерден басқа, жүлдегерлер Астана, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында болу мүмкіндігіне ие болды. Тур барысында қонақтар мәдени және тарихи орындарға экскурсияларға қатысады, қызықты әңгімелесушілермен кездесулер өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы