- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан ЖИ-ді шетелден үйренетін елден өзгелерге үйрететін мемлекетке айналды – Әлия Оспанова
Қазақстан ЖИ-ді шетелден үйренетін елден өзгелерге үйрететін мемлекетке айналды – Әлия Оспанова
14 Қазан 2026, 17:44
Қазақстан цифрлық даму саласында шетелдік тәжірибені үйренумен қатар, өз тәжірибесін өзге елдерге ұсына алатын деңгейге жетті. Astana Media Week алаңында «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» директоры Әлия Оспанова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикер Қазақстанның соңғы он жылдағы цифрлық дамуын бағалай отырып, еліміздің халықаралық деңгейдегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық мүмкіндіктерді кеңейту, заңнаманы жетілдіру және азаматтардың цифрлық дағдыларын арттыру осы өзгерістерге негіз болып отыр.
Қазақстан шетелден үйренетін мемлекеттен шетелді үйрететін мемлекетке айналып отыр. Қазіргі таңда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да танымал рейтингтерде жоғары орындарға ие болып, халықаралық аренада өзінің мәртебесін көрсетіп отыр», - деді Әлия Оспанова.
Ол жасанды интеллект саласын дамытуда негізгі үш бағытқа назар аударылғанын айтты. Біріншісі – технологиялық инфрақұрылым. Спикердің сөзінше, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы және жаңа жобалардың әзірленуі осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтіп жатыр. Екіншісі – жасанды интеллектіні қолданудың заңнамалық негізі. Үшіншісі – азаматтардың жаңа технологиямен жұмыс істеу дағдылары.
Жасанды интеллект саласында өз орнымызды айқындау үшін бізге негізгі үш бағыт қажет болды. Біріншісі – инфрақұрылым. Екіншісі – заңнамалық негіз. Үшіншісі – жасанды интеллектіні қолдану құзыреттері. Біз осы дағдыларды дамытуға көңіл бөлеміз, - деді ол.
Әлия Оспанованың айтуынша, оқыту жұмыстары қоғамның әртүрлі тобын қамтиды. Жасанды интеллектіні меңгеруге арналған бағдарламалар мектеп оқушылары мен студенттерге, мемлекеттік қызметшілер мен басшыларға, сондай-ақ қарапайым азаматтарға бағытталған.
Бұл қарапайым азаматтар, мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер және саяси басшылар. Жасанды интеллектіні қолдану құзыреттерін арттыру арқылы ғана оны күнделікті өмірде пайдалануды үйренуге болады. Сондықтан елімізде осы бағытта айтарлықтай өзгерістер бар деп айтуға болады, - деді ол.
Сұхбат барысында технологиялық дамумен бірге туындайтын жауапкершілік мәселесі де талқыланды. Спикер Astana Media Week форумында жасанды интеллект, медиа және сенім тақырыптарының қатар көтерілуін қазіргі өзгерістермен байланыстырды.
Форумда жасанды интеллект, медиа және сенім тақырыбының көтерілуі бекер емес. Өйткені біз қазір жасанды интеллект дәуірінде жұмыс істеп, өмір сүріп жатырмыз, - деді Әлия Оспанова.
Оның айтуынша, жасанды интеллект контент дайындауға мүмкіндік бергенімен, аудитория үшін оның шынайылығын ажырату мәселесін де туындатып отыр. Әсіресе дипфейктердің таралуы медиаға деген сенімге әсер етеді.
Қазіргі таңда дипфейктер үлкен қауіпке айналып отыр. Екіншіден, медиаға деген сенім төмендеп жатыр. Өйткені қарапайым адам кез келген бейнені немесе суретті көргенде: «Бұл шын сурет пе, әлде жасанды сурет пе?» деген сұрақ қояды, - деді спикер.
Осы орайда Әлия Оспанова жасанды интеллект көмегімен әзірленген контентті белгілеудің маңызына тоқталды. Оның сөзінше, технологияны қолдануға қатысты талаптарды айқындау аудиторияға ақпараттың қалай жасалғанын түсінуге көмектеседі.
Қазақстан – осы аймақта жасанды интеллект туралы заң қабылдаған елдердің бірі. Заң жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін қамтиды. Соның ішінде медиа саласында қолдану және оны белгілеу жауапкершілігі де айқындалған, - деді ол.
Спикердің пікірінше, жасанды интеллект саласындағы ілгерілеу технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар, оны сауатты әрі жауапкершілікпен қолдануға да байланысты.
Айта кетейік, 14-16 қазан аралығында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Media Week 2026 медиа апталығы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстанның және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысуда. Биылғы басқосуда жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы, редакция жұмысын трансформациялау, контент өндіру және аудитория сенімін сақтау мәселелері талқыланады.
Пленарлық сессияда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов отандық медиасаланың соңғы он жылдағы негізгі өзгерістеріне, жасанды интеллектке байланысты сын-қатерлерге және БАҚ пен қоғам арасындағы сенімнің жаңа архитектурасын қалыптастыру басымдықтарына тоқталды.
BAQ.KZ тілшісі Аида Батухан Astana Media Week алаңында Қырғызстандағы «Жетінші канал» телерадиокомпаниясының бас директоры Илязбек Балташевпен сұхбаттасты. Әңгіме барысында екі елдің медиа саласындағы әріптестігі, аудитория сенімі, жасанды интеллект пен жалған ақпарат мәселелері сөз болды.
Тағы оқи отырыңыз: Камералар, кездесулер және жаңа идеялар: Astana Media Week 2026 алғашқы күнінен фоторепортаж
Жасанды интеллект, дипфейк және цифрлық сенім: Қазақстан қандай өзгерістерге дайын?
Қазақстандық мамандарды тәжірибе бөлісуге шақырдық – Илязбек Балташев
Ең оқылған:
- Қазығұртта қарт әйелдің шатырынан 5 млн теңгеден астам ақша табылды
- Қазақстанда жалақы қашан өседі? – Министр жауабын айтты
- 2027 жылдан бастап кейбір отбасыға жерлеу жәрдемақысы берілмейді
- «Ақша қайтарылмайды»: Қазақстандықтар қандай жағдайда шарт талаптарын даулауға құқылы?
- Шымбұлақта жаңа телефонын ашпақ болған қызға күтпеген айып тағылды
Аида БАТУХАН