Астанада мерейтойлық X Astana Media Week 2026 апталығының ашылуы өтті. Пленарлық сессияда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов отандық медиасаланың соңғы он жылдағы негізгі өзгерістеріне, жасанды интеллектке байланысты сын-қатерлерге және БАҚ пен қоғам арасындағы сенімнің жаңа архитектурасын қалыптастыру басымдықтарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қанат Ысқақов өз сөзінде Қазақстанның он жыл ішінде ақпарат таратудың дәстүрлі моделінен көпарналы цифрлық медиаортаға көшкенін атап өтті. Егер 2017 жылы елде шамамен 2,9 мың бұқаралық ақпарат құралы тіркелген болса, бүгінде олардың саны 5,4 мыңнан асады. Ал интернетке қолжетімділігі бар халықтың үлесі 73%-дан 93,4%-ға өсті.
Аудиторияның талғамы да айтарлықтай өзгерді. Қазір қазақстандықтардың 39,1%-ы жаңалықтарды негізінен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден алады. Telegram, Instagram, YouTube және TikTok ақпарат таратудың толыққанды арналарына айналып, блогерлер мен цифрлық платформалар дәстүрлі редакциялармен белсенді бәсекелесіп жатыр.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, медианарықтың келесі өзгеріс кезеңі жасанды интеллектінің дамуымен тікелей байланысты. Нейрожелілер қазірдің өзінде ақпарат іздеу мен өңдеуге, мәтін, сурет және бейнематериалдар жасауға қолданылып келеді. Сонымен қатар жалған ақпарат пен дипфейктердің таралуы, жеке деректердің құпиялылығы бұзылуы сияқты қауіптер де артып отыр.
Қанат Ысқақов үш негізгі қағидатқа сүйенетін сенімнің жаңа архитектурасын қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Олар – кәсіби журналистиканы нығайту, жарияланатын ақпарат үшін адамның жауапкершілігі және технологияларды қауіпсіз пайдалану.
Алгоритм мәтін жаза алады, бірақ сөз үшін жауап бере алмайды. Жауапкершілік әрдайым журналист пен редактордың мойнында қалады. Сондықтан медиақауымдастықпен бірге редакцияларда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың ортақ қағидаттарын әзірлеуді ұсынамыз. Ең алдымен, бұл – аудиторияға ашықтық таныту және жасанды интеллектінің қатысуымен жасалған дүниенің бәрін адамның міндетті түрде тексеруі, – деп атап өтті Қанат Ысқақов.
Осы ұстаным аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі гранттық жүйе арқылы сапалы медиаконтент өндірісін қолдауды жалғастырады. Деректер журналистикасын, фактчекингті дамытуға және мемлекеттік тілдегі материалдарды дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.
Бұдан бөлек, синтетикалық контентті таңбалау тетіктерін енгізу, дипфейктерді анықтау құралдарын жетілдіру және халықтың медиасауатын арттыру қажеттігі айтылды. Журналистердің, соның ішінде өңірлердегі мамандардың жасанды интеллект саласындағы құзыретін дамыту жеке басымдыққа айналады.
Технологиялар бізге неғұрлым көп мүмкіндік берсе, оларды пайдаланудағы жауапкершіліктің салмағы да соғұрлым артады, - деді бірінші вице-министр.
Саланың даму келешегі туралы айтқан Қанат Ысқақов төрт айқындаушы факторды атап өтті. Олар – шынайы ақпараттың құндылығын арттыру, ЖИ көмекшілері арқылы жаңалықтарды тұтыну тәсілдерінің өзгеруі, журналистердің тереңірек талдауға көшуі және сапалы қазақтілді контентті дамыту.
Сөзінің соңында бірінші вице-министр технологиялық өзгерістердің жылдамдығына қарамастан, қоғам сенімінің негізі журналистің кәсібилігі, адалдығы мен жауапкершілігі болып қала беретінін атап өтті.
Astana Media Week 2026 Астанада 14–16 қазан аралығында өтеді. Іс-шара ақпарат саласының болашағын талқылау үшін мемлекеттік органдардың, медиақауымдастықтың, цифрлық платформалардың өкілдері мен халықаралық сарапшыларды біріктіреді.