Қазақстандық мамандарды тәжірибе бөлісуге шақырдық – Илязбек Балташев

 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 14 Қазан 2026, 16:43
14 Қазан 2026, 16:43
125
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Қазақстан мен Қырғызстан жасанды интеллект саласында тілдік ресурстарды дамыту, технологиялық тәжірибе алмасу және мамандарды бірлесіп даярлау бағытында әріптестікті күшейте алады. Бұл туралы Astana Media Week алаңында Қырғызстандағы «Жетінші канал» телерадиокомпаниясының бас директоры Илязбек Балташев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, екі елдің ақпарат кеңістігіндегі байланысы бұрыннан қалыптасқан. Шекаралас аймақтарда тұратын қырғызстандықтар Қазақстан телеарналарын көрсе, қазақстандық көрермендер де көрші елдің хабарларын тамашалайды. Ендігі міндет – осы байланысты жаңа технологиялар арқылы дамыту.

Үш бағыттағы әріптестік

Илязбек Балташев Орталық Азияда жасанды интеллектіні дамыту үшін үш бағытқа назар аудару қажет деп есептейді. Олар – тілдік ресурстарды жетілдіру, технологиялық ынтымақтастық және кадр даярлау.

Осы орайда ол қазақстандық мамандарды Қырғызстан телеарналарының қызметкерлерімен тәжірибе бөлісуге шақырғанын жеткізді.

Жасанды интеллектіні жақсы меңгерген мамандарыңыз бізге келіп, білгенін үйретсе деген ұсыныс айттым. Бір-екі маманды шақырып, шығынын өз тарапымыздан көтеруге дайын екенімізді жеткіздім. Бұл уақыт жағынан да, қаражат жағынан да қолайлы болар еді, – деді ол.

Телеарна басшысының айтуынша, қазақстандық әріптестері ұсынысты оң қабылдаған. Енді осы бастаманы нақты жұмысқа ұластыру маңызды.

Мәдениет пен тарихты танытуға мүмкіндік

Сұхбат барысында Балташев жасанды интеллектінің ұлттық мәдениет пен тарихты насихаттаудағы мүмкіндігіне де тоқталды. Оның пікірінше, әлемдік ірі медиалармен ресурстық тұрғыдан бәсекелесу оңай болмаса да, жаңа технологиялар мазмұнды контент жасауға жол ашады.

Бұрын тарихи көріністі түсіру немесе бейнеролик әзірлеу үшін арнайы алаң мен күрделі декорация қажет болса, қазір кейбір шығармашылық міндеттерді шағын студияда орындауға болады.

Жасанды интеллектінің көмегімен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымыз бен тұлғаларымызды танытатын контент әзірлей аламыз. Қазір шағын студияда отырып, тіпті телефон арқылы да осындай материалдар жасауға мүмкіндік бар, – деді Балташев.

Ол бұл мүмкіндіктерді қазақ пен қырғызға ортақ мәдени жобаларда да пайдалануға болатынын атап өтті.

Журналистің орнын басатын емес, жұмысын жеңілдететін құрал

Балташев жасанды интеллектіні журналистиканың дамуына ықпал ететін кәсіби құрал ретінде қарастырады. Оның пайымынша, технологияның мүмкіндігі артқанымен, журналистің қоғам алдындағы міндеті сақталады.

Жасанды интеллект журналистің үлкен көмекшісіне айналды. Бірақ ол журналистің орнын толық баса алмайды. Бұл – оның кәсіби құралы, – деді телеарна басшысы.

Оның айтуынша, Қырғызстан медиасында жасанды интеллектіні пайдалану тәжірибесі енді кеңейіп келеді. Сондықтан форумдағы кездесулер мен тәжірибе алмасу жаңа тәсілдерді күнделікті жұмысқа енгізуге көмектеседі.

Дипфейкпен күресте медиасауат маңызды

Жаңа технологиялардың мүмкіндігімен қатар, сұхбатта жалған ақпарат пен дипфейк мәселесі де қозғалды. Балташев әлеуметтік желілерде ақпараттың жылдам таралуы аудиторияға қосымша жауапкершілік жүктейтінін айтты.

Оның сөзінше, алаяқтар танымал адамдардың, тіпті мемлекет басшыларының бейнесі мен дауысын ұқсатып, жалған видеоларды қаржылық алдау мақсатында пайдаланады. Мұндай жағдайда құқықтық тетіктермен қатар, халықтың медиасауатын арттыру қажет.

Заң қабылданғанша да адамдар алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан жұртқа жасанды интеллект арқылы жасалған жалған ақпаратты ажыратуды үйрету керек. Бұл – тек Қырғызстанға емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе, – деді ол.

Балташевтің пікірінше, медиа саласындағы әріптестік технологияны меңгерумен шектелмеуі тиіс. Жаңа құралдарды қоғамға пайдалы ақпарат таратуға, ұлттық мәдениетті танытуға және журналистиканың сапасын арттыруға бағыттау маңызды.

Наверх