Қазақстан шекарасында 62 қылмыстық іс қозғалды

Мамырда шекарада 3,8 мыңнан астам заң бұзушы ұсталды

 ҰҚК баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 18:47
Бүгiн 2026, 18:47
126
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

2026 жылдың мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету және қорғау аясында 3 881 құқық бұзушыны ұстады. Олардың ішінде 1 125-і шетел азаматтары болған.

ҰҚК мәліметінше, бір ай ішінде мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1180 фактісінің жолы кесілді. Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында 41 есірткі тасымалдау әрекеті, 61 қару-жарақ пен оқ-дәрі өткізу фактісі бар. Оның ішінде 2 атыс қаруы, 42 суық қару және 118 оқ-дәрі тәркіленген.

Сондай-ақ шекарашылар көлемі 85 тоннадан асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдаудың 406 дерегін анықтады. Бұдан бөлек, жалпы құны 665 миллион теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды өткізудің 526 фактісі және шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайтын шетел валютасын заңсыз алып өтудің 146 әрекеті тоқтатылды.

Каспий теңізі акваториясында браконьерлікпен айналысудың 12 фактісі анықталып, заңсыз балық аулау құралдары мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке келтірілуі мүмкін 210 миллион теңгеден астам шығынның алдын алу мүмкін болды.

ҰҚК Шекара қызметі өз құзыреті шеңберінде 62 қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қалған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.

Наверх