Биыл 30 мамырдан қазақстандықтар Ресейге жаңа талаптар бойынша сапарлайды. БАҚ өкілі брифинг барысында бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресейге баруды жоспарлаған Қазақстан азаматтары шекарадан өтем дегенше 72 сағаттың ішінде кіру туралы хабарлап, цифрлық профильді толтыруы тиіс. Қазақстан Ресей азаматтарына қатысты мұндай талап енгізе ме?
Иә, жақында ресейлік тарап шекараны кесіп өту тәртібіне жаңа талаптар енгізді. Толық ақпарат Мәскеудегі біздің елшіліктің сайтында жарияланды. Сондықтан Ресейге бара жатқан қазақстандық азаматтарға шекарада күтпеген жағдай болмас үшін, сұрақтар тумас үшін алдын ала жаңа талаптарды зерттеп шығуды ұсынамыз. Ал бұл мәселені біздің елге енгізуді мұқият зерттеп жатырмыз, ол үшін тиісті мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу қажет. Ол туралы кейінірек толық ақпарат береміз, - деді Айбек Смадияров.
Ресми өкіл Ресеймен арадағы визасыз тәртіп сол күйінде сақталатынын атап өтті.
Айта кетейік, Ресейде бұл шара заңсыз көші-қонмен күреске бағытталған пилоттық жоба аясында енгізілді. Профильді RuID қосымшасы арқылы толтыруға болады. Алайда бұл өзгерістердің 6 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ Ресейде аккредитацияланған дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне және олардың отбасыларына қатысы жоқ.
Еске салайық, бұған дейін СІМ өкілі АҚШ-та заңсыз жүргендерге кеңес берді.